Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов 95 жасқа толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов 95 жасқа толды

22.10.2019

Бүгін Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Әбдіжәміл Нұрпейісов 95 жасқа толды. Осыған орай Алматыда салтанатты шара өтті.

Абыз жазушының мерейлі тойына арналған кешке қабырғалы қаламгерлер түгел жиналды. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев көпшілікке оқып берді. «Әбдіжәміл Нұрпейісов - егемен еліміздің әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті жазушы, сөз өнерінің патриархы. Жазушының «Қан мен тер», «Соңғы парыз» романдары қазақ көркем сөзінің алтын қазынасына айналған, рухани құндылығы» делінген хатта. Әдебиеттегі алғашқы баспалдағын роман жазумен бастаған қаламгер қазақ әдебиетіне ерекше туындыларды ұсынды. Қазақ әдебиетін әлем әдебиеті класиктерінің қатарына қосқан Әбдіжәміл Нұрпейісов қазір қажырлы еңбегінің зейнетін көріп жатыр.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

Қадірлі абыз ағамыз Әбдіжәміл Кәрімұлы сіздің 95 жасқа толған мерейтойынызбенен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіз. Қадірлі аға, осы биік шыңға сіз қазақ әдебиетін әлем әдебиетімен жалғастырған алтын көпір арқылы, жазушылық ғұмырыңызды туған өлкенің, тынысын танытуға Алты алашқа танымал тұлға ретінде көтеріліп отырсыз. Сіздің туындыларыңыз, сіздің шығармашылығыңыз әлем әдебиетінің классикалық шығармалардың қатарында тұр. Біз соған мақтанамыз!

Алмат ӘБДІРАМАН


Хабарламаларға жазылу