«Жасыл елдің» еңбек маусымы жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жасыл елдің» еңбек маусымы жабылды

22.10.2019

Елордада «Жасыл ел» жобасының XV еңбек маусымының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Биыл бұл бағдарламаға бас қаладан 975 адам жұмылдырылған. 

Биыл елордада «жасылелшілердің» 70 жасағы құрылды. Жаз бойы жастар 250 түп ағаш отырғызды, 5 тонна қоқыс жинады. Қаладағы сенбіліктердің бірінен қалмады.

Сұлтан Елеубаев, студент:

«Жасыл ел» бағдарламасында жаз бойы 2 ай жұмыс істедім. Оған тек мен өзім ғана емес, ағам да, інім де қатысты.

Жобаға негізінен 22-28 жас аралығындағы жұмыссыз жастар тартылды. Кәмелетке толмағандар да еңбекке баулыды. Күніне 4 сағат жұмыс істеп, айналаны көгалдандыруға атсалысқандардың қатарында студент жастар да бар. Сондай-ақ, биыл көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан 300 кісі жұмыспен қамтылды. 

Бақытжан Жүнісбеков, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Қоғамдық даму істері басқармасының бөлім басшысы:

Бұл жоба жастар арасында өте танымал. Өзектілігін көрсетті. Сонымен қатар, жастардың жазғы уақытта уақытын тиімді пайдаланып, жас буын өздеріне қажетті қаржыны пайдалы іспен айналыса отырып, қаржылық қажеттіліктерін осы жоба аясында жапты десек болады.

Табиғатқа кең көлемде көңіл бөлу, тазалықты насихаттау – «Жасыл ел» жобасының басты мақсаты осы. Сондай-ақ, жастар үшін бұл тамаша мүмкіндік - азын- аулақ табыс табады. Ал еңбек ұйымдарының қатарына қосылғысы келетін белсенділердің саны жыл сайын артып келеді. 

Фариза Мұсақызы

Хабарламаларға жазылу