Құрылыс компаниялары қалдықтарды көрінген жерге төгіп, заңды өрескел бұзған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құрылыс компаниялары қалдықтарды көрінген жерге төгіп, заңды өрескел бұзған

21.10.2019

Нұр-Сұлтанда белгіленбеген аумақтан қос қоқыс полигоны пайда болды. Сол және оң жағалауда біршама аумақ ластанып жатыр. Бірақ оны тоқтату әзірге мүмкін болмай тұр. Біздің тілшілер мамандармен бірге рейдке шықты.

Нысаналы Ығыл, тілші:

Бұл тұрмыстық емес, құрылыс қалдықтары. Айналада тас пен құмнан үйілген сұрықсыз жоталар қалыптасқан. Бұл қаладағы заңсыз полигонға айналған жердің бірі.

Ластаушылар сол жағалаудағы ашық алаңды әдейі жайратып жүр. Себебі төлемей қоқыс төгеді. Ал қаладағы жалғыз арнайы полигон ақылы. Құрылыс қалдықтарының тоннасына 3844 теңге алады. Содан қашады. Оның үстіне ұсталған жағдайда оңай құтылып кетеді.

Ермахан Қозыбаев, Қала бойынша экологиялық бақылау бөлімінің басшысы:

Біз кез келген машинаны тоқтатып, оның қайдан келгенін, қалай келді? Біздің құзыретіміз жоқ. Біздің құзыретімізге кірмейді.

Тек ластанған орынды белгілеп, әкімдікке хат жолдай алады. Солай 68 аумақ залалсыздандырылған. Ал оған қыруар қаржы мемлекеттен бөлінеді. Ғарыштан бақылау барысында тағы қоқыс жиналған 300 нүкте анықталды. Ол да тазартылуы тиіс. Тоқ етері ауыртпалықтың бәрін құзырлы органдар арқалайды. Ал ластаушы 10 айлық есептік көрсеткіш яғни 25250 теңге төлеп құтылады. Сонда айыбы темекі тұқылын тастағанмен бірдей.

Мұсағали Дуамбеков, Халықаралық экология академиясының президенті: 

Ластайтын болса оған тек қана әкімшілік айыппұл пайдаланады. Ал енді оның қоршаған ортаға әсері топырақты қанша, суды қанша, ауаны қанша ластады. Оны көбінше ескермейміз. Біздікілер ойлайды таяқ жеді ғой, болды ғой деп. Олай болмау керек. Әкімшілік айыппұл салу керек те, сосын қосымша тағы табиғатты ластағаны үшін айыппұл салу керек.

Ал мынау қаладағы екінші заңсыз полигон. Жылдар бойы жиналған. Мұны тоқтатпаса қала құрылыс қалдықтарынан көз ашпай қалуы мүмкін.

Нысаналы ЫҒЫЛ


Хабарламаларға жазылу