Қарағандыда коттеджде тұратын отбасы әлеуметтік көмек алып келген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда коттеджде тұратын отбасы әлеуметтік көмек алып келген

21.10.2019
Қарағандыда коттеджде тұратын отбасы әлеуметтік көмек алып келген

Қарағанды ​​облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан жүргізілген атаулы әлеуметтік көмекті (бұдан әрі - АӘК) тағайындаудың заңдылығын тексеру жұмыстары барысында АӘК алушылардың арасында үш қабатты коттеджде тұратын отбасы айқындалды.

Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова Қарағанды ​​облысы тұрғындарының әлеуметтік қызметкерлерді алдауының өрескел фактілері туралы хабарлады. Оның айтуынша, АӘК тағайындау кезінде ең көп кездесетін бұзушылық – нақты кірістерді жасыру, отбасының тұрмыс жағдайы мен өмір сүру шарттары туралы жалған ақпарат беру.    

«Осылайша, Қарағанды ​​қаласында 8 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы 2019 жылғы мамыр айында АӘК тағайындауға өтініш білдірді. Отбасына ай сайын жалпы сомасы 105843 теңгені құрайтын 2339688 теңге көлемінде әлеуметтік көмек тағайындалды. Біздің Басқарманың жүргізген АӘК тағайындаудың заңдылығын тексеру кезінде бұл отбасы жалпы ауданы 100 шаршы метрден асатын үш қабатты коттеджде тұратындығы анықталды. Оның үстіне, жеке меншігінде көлігі бар, яғни олардың тұрмыс жағдайы жеткілікті. Аталған отбасына қайта есептеу жүргізіліп, нәтижесінде оларға АӘК тағайындаудан бас тартылды», – деді Әсем Жүнісбекова.

Оның айтуынша, әлеуметтік көмекті заңсыз жолмен алу мақсатында кейбір қарағандылықтар нақты тұратын немесе уақытша тіркелген мекен-жайын жасырмақшы болған. Мысалы, АӘК алушыларды аралау барысында тұратын мекен-жайын жалған көрсетіп, ай сайын 108 мың 882 теңге көлемінде жалпы сомасы 1 млн 306 мың теңге төлем тағайындалған отбасы анықталды. Ал, шын мәнінде отбасы қымбат жөндеуден өткен екі қабатты коттеджде тұрады, жеке меншігінде автомашинасы бар. 

Қарағанды облысы бойынша барлығы атаулы әлеуметтік көмек төлеу 92 отбасыға уақытша және 890 отбасыға мүлде тоқтатылды. 1621 отбасыға қайта есептеу жүргізілді.

enbek.gov.kz

Хабарламаларға жазылу