Еліміздің экологиялық ахуалын жақсарту үшін қайтпек керек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің экологиялық ахуалын жақсарту үшін қайтпек керек?

19.10.2019

Көгілдір отын келгенше амалдайтын ағайынды алаңдатқан басты мәселе бар. Ол тонналап үйілген көмірді жылу қазандықтарына төңкеріп лапылдатып жағып кеп жібергенде көлбең ете қалатын экология. Кейде адам түгілі таза ауа бөлуі тиіс талдардың өзі тұншығып тұмылдырық сұрап тұрғандай көрінеді. Өйткені қазір адамзат баласы тек бүгінімен өмір сүріп жатыр деп дабыл қағады экологтар. Осы тұрғыда әлемдегі ең лас қалалардың тізімі жарияланды, шүкір біз жоқпыз. 1 орында, Қытайдың Линьфынь қаласы. Ол жерде 3 миллион адам түтінге тұншығып жатыр. Сансыз көмір шахталарындағы тәулік бойы бір тынбайтын жұмыстардың салдарынан жергілікті жұрттың көбі онкологиялық ауруларға шалдыққан. Ең көп таралғаны, өкпенің қатерлі ісігі. Екінші орында сол Қытайдың Тяньцзинь қаласы. Ондағы ауыр металдарды өндіретін шахталар 140 000 тұрғынның өмірін тас-талқан етуде. Соңғы зерттеулер бұл қаланың ауасындағы қорғасынның мөлшері мөлшерден 8,5 есеге көп екенін көрсетті. Салдарынан Тяньцзиньдегі аяғы ауыр келіншектер мерзімінен 2-3 ай бұрын босанады, ал орта жастағы адамдардың есте сақтау қабілеті жаппай жоғалуда. Үшінші орында Үндістанның Сукинда қаласы. Мұнда хром бастаған бірнеше ауыр металдардың өндірісі қызып тұр, қазір қауіпті 30 миллион тонна қалдық ашық аспан астында жатыр екен. Салдарынан Сукиндадағы 2,6 миллион адам қатерлі ісікке шалдыққан. Құдай бетін аулақ қылсын! Бірақ бізде қамданбасақ болмайды, өйткені ауамызды көмір жағатын жылу электр станциялары әбден ластады деп дабыл қағып отыр мамандар. Одан бөлек Елорданың өзінде жер үйлер жаққан көмірдің түтіні аспанды торлап, иісі қолқаны қабады. Оның денсаулыққа зиян екенін жақ сауып айттық талай. Президентте ескертті. Жауапты мамандар жел болмаса көмірдің түтіні қозғалмайтынын және айтты. Эразм Роттердамскийдің: «Түсінікті нәрсені түсініксіз нәрсеге айналдыру үшін философия қажет пе?» деген қанатты сөзі бар ғой. Сол айтпақшы, жел болмаса елорда тұншығатынын экологтар айтпай-ақ білеміз. Мәселені шешуі тиіс көгілдір отынның кешігіп келе жатқанын және айттық. Елге енді қайтпек керек? Өкпе у-ға толмау үшін қайтіп жан бағамыз?

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу