Өзі жасанды ұрықтандыру әдісімен дүниеге келген қыз табиғи жолмен ана атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзі жасанды ұрықтандыру әдісімен дүниеге келген қыз табиғи жолмен ана атанды

18.10.2019

Өзі жасанды ұрықтандыру әдісімен дүниеге келген қыз табиғи жолмен ана атанды. Бұл әлемде дәлелденген жағдай болса да, Қазақстандағы алғашқы оқиға. «Жас ананың да, өмірге келген шақалақтың да денсаулығы жақсы»,-дейді дәрігерлер. Бүгін олар отбасымен қауышты.  

Жас ана Алеся 22-де. Ол өзін ешқашан өзгелерден ерекше санаған емес. Қалыпты өмір сүріп жатыр. Жүктілік те жақсы өтті. Көптен күткен алғашқы перзенті дені сау дүниеге келді.

Алеся Шин, жас ана:

Бәрі жақсы. Денсаулығымыз жақсы. Кішкене ауырып тұрмын. Бірақ, бақыттымын. Барлығына рахмет!

Елімізде «ЭКО» әдісімен туған 15 мыңнан астам бала бар. Алеся солардың ішінде тұңғышы болмаса да, алғашқы болып ана атанды. Сүйінші сұрайтын жаңалық — осы. Бұл- қазақстандық медицинаның жетістігі.

Ләззат Айтқожина, дәрігер-репродуктолог:

Қазір бізге келетін пациенттердің көбінің бірінші қоятын сұрағы: «Экомен туылған балада өзінің келешекте баласы бола ма?» деп сұрап жатады. Біз сол кезде айтамыз: «Болады» деп. Енді соның бір дәлелі ретінде, міне, біздің 1997 жылы туылған қызымыз қазір дүниеге дені сау баланы өзі әкеліп тұр.

 «Экомен» туған балалардың өзгелерден түк айырмашылығы жоқ. Бұл әлемде әлдеқашан дәлелденген. Дүниеге келген 8 миллионнан астам сәбидің көбі қазір балалы-шағалы. Ал бізде жасанды жолмен ұрықтандыру әдісі 1996 жылы алғаш рет тәжірибеге енгізілді.

Салтанат Байқошқарова, эмбриололг-репродуктолог:

Ең бірінші дүниеге келген қыз бала. Өзім тікелей себепші болғанмын. Ол сәбидің жасы қазір 23-те. Ұлыбританияда оқып жатыр. Әдемі бойжеткен, өте ақылды. Әлі тұрмыс құрған жоқ. Біз оның ата-анасымен байланысып тұрамыз. Ол-отбасындағы жалғыз бала.

Өкінішке орай, жас отбасының 15-20 пайызы ұрпақ сүйе алмайды. Бедеулік белең алып барады. Сондықтан жасанды ұрықтандыру әдісіне сүйенетіндер артты. Қазір «Экомен» күніне кем дегенде 2-3 бала өмірге келеді.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу