Алматыда құдықтардың темір қақпақтарын ұрлайтындар азаймай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда құдықтардың темір қақпақтарын ұрлайтындар азаймай тұр

18.10.2019

Оңай олжаға кенелгісі келетіндердің кесірінен жыл басынан бері 81 құдық қақпақсыз қалған. Соның салдарынан, жаяу жүргіншілер ашық құдыққа құлап, түрлі жарақат алып ауруханаға түскен. Мұндай оқиғалар тіпті кейінгі кезде жиілеп кетті. Енді жауапты мекеме өкілдері құдықтарға арнайы торларды орнатып жатыр. Тілші бейнематериалы.

Мынадай темір торлар құдық қақпағының астыңғы бөлігіне орнатылады. Бұл темірден жасалған және жан жағы дәнекерленіп, бекітілген. Яғни, шойын қақпақтар ұрланса да, темір торларды ешкім алып кете алмайды. Сонымен қатар, бұл ауыр салмақты да көтере алады. Яғни, жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз.

Қазір қалада 150 мыңнан астам су және кәріз құдығы бар. Солардың 90 мыңға жуығы "Алматы су" мемлекеттік коммуналдық мекемесінің меншігінде тұр. Сондықтан олар жұмыс жүйелі жүруі үшін темір торларды арнайы дайындап, шығарады. Күніне әр ауданда осындай 10 шақты тор орнатады. Осы уақытқа дейін 1000 құдықтың ауызын бекітті. 

Аталған мекеменің заңгерлері құқық қорғау органдарына қақпақ ұрлау деректеріне қатысты бір емес, бірнеше рет арыз жазған. Алайда, олар мұндай қылмыстық істер толығымен ашылмайды деп ашынды. Сондықтан мамандар оңай олжа тапқысы келетін әккілерге ауыр жаза қолданып, металл қабылдайтын орындардың басшыларына үлкен сомада айыппұл салу керектігін айтты.

Ақбота Жылысова, "Алматы су" мемлекеттік коммуналдық мекемесінің ресми өкілі:

Арнайы рейдтер жүргізіледі. Біздің арнайы мамандар бар. Өздері аралап көше-көшелерді бар-жоғын анықтап отырады қақпақ беттерін. Кейбір жағдайлар болады. Таңертең орнатсаң, қақпақтар кешке дейін жоқ болады. Оны бақылау қиындыққа соқты осы күнге дейін. Осы темірторлар арқылы мәселелерімізді шешеміз деген ойдамыз.

Қазір темір торларды адам көп жүретін аймақтар мен аулалар, мектеп-балабақшалардың маңы және жүргіншілер жолындағы құдықтарға қойып жатыр. Мамандардың сөзінше, алдағы екі-үш жылда қаладағы барлық құдықтың ауызы түгел бекітіледі.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ




Хабарламаларға жазылу