«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Арыстағы 68 ғимаратты жылдам әрі сапалы етіп жөндеп берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Арыстағы 68 ғимаратты жылдам әрі сапалы етіп жөндеп берді

17.10.2019

Жойқын жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласындағы барлық әлеуметтік нысандар қайта жөнделіп, қалпына келтірілді. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры шағын шаһардағы 68 ғимаратты қысқа мерзім ішінде жылдам әрі сапалы етіп жөндеп берді. Бүгін басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Арысқа арнайы барып, толықтай қайта жаңарған бірқатар нысанды аралап көрді. Орталық стадионда жасөспірімдермен доп теуіп, лигадағы командалық ойынды тамашалады.

Арыстағы ең көне ғимараттың бірі «Ақнұр» балабақшасы бірер айдың ішінде сәулеттеніп шыға келді. Ауладағы ойын алаңдары да жаңаша кейіпке енген. Ғимарат 120 балғынның шат-шадыман күлкісіне қайта бөленді. Мектеп алды даярлықпен қосқа қазір 6 топтың бүлдіршіндері тәрибеленуде. Іргетасы осыдан 60 жыл бұрын қаланған балабақша жарылыстан соң апатты күйге түскен болатын.

Әйгерім Диханбаева, балабақша әдіскері:

Қайтадан жақсы күйге түсті. Гүлденді. Одан да абаттанды. Сан узель, жиһаз, балабақшаға керекті құралдардың барлығы жаңартылды.

Арыстың темір жол вокзалы мен оның алдындағы «Даңқ» аллеясы да түрленген. Қос қапталына соғыстың батырлары, шаһардың құрметті азаматтарының есімдері қастерленіп жазылған гүлзар дамылдап тыныс алатын, серуен құратын саялы орынға айналған. Жаңадан орнатылған фонтанның моншақ тамшылары жанға рахат, көңілге қуаныш сыйлайды.

Оразхан Арыстанбаев, Арыс қаласының «Құрметті азаматы»:

7 мың 162 үйге күрделі жөндеу жасалды. Бұл дегенңіз 40 мыңға жуық халқы бар жаңа, әдемі, ажарлы қала пайда болды деген сөз. Енді 474 үй жаңадан салынып бітуде. Ол дегеніңіз, 3 мыңнан астам халқы бар жаңа ауыл пайда болды деген сөз.

Ахметжан Есімов пен өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевті Арыс жастары орталық стадиондағы доп додасында қарсы алды. Қор стадион құрылысына 240 миллион қаржы жұмсады. Алаңды жаңартудан бөлек мұнда жаңадан жүгіру жолақтары төселді. Электронды табло орнатылды. Көрермендер орны жасақталды.

Ахметжан Есімов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы:

17 мектеп, 36 балабақша, 8 аурухана уақытылы бітті. Сонымен қатар басқа нысандар да болды. Оның ішінде мына стадион да бар. Оны енді бітіріп отырмыз.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» Арыс қаласындағы әлеуметтік нысандарды қайта қалпына келтіруге 7 миллиард теңге жұмсады. Енді шаһардағы мектеп, аурухана және балабақшаларға 400 бейнебақылау камералары орнатылады. Сондай-ақ 50 жерге WiFi желісін тартып бермек.

Ғани ҚАЛМАХАН


Хабарламаларға жазылу