Алматыда 40 көпбалалы ана баспаналы болды. Оларға пәтер кілттерін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев табыс етті. Зор қуанышқа кенелгендердің қатарында үй шаруасындағы әйелдер, мұғалімдер, коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлері мен кәсіпкерлер де бар.
Барлығы үй кезегін ұзақ жыл күткен көпбалалы аналар. Жалпы қалада тұрғын үйге зәру 25 мың азамат кезекте тұр. Олардың 1847-сі көпбалалы отбасы. Ал жыл басынан бері осы санатқа кіретіндерге 100-ден астам пәтер бөлінген. Бұдан басқа, «Бақытты отбасы» бағдарламасына сәйкес, 284 отбасыға пәтер берілген. «Шағын аудандарда жұмыссыз аналарды мамандыққа үйретіп, еңбекке баулитын әрі қажетті заңнамалық көмек көрсететін «Бақытты отбасы» орталықтары ашылған. Сондықтан көпбалалы аналарға барынша жағдай жасап, қолдау көрсетеміз», -деді мегаполис басшысы.
Анар Ошақбаева, көпбалалы ана:
10 жылдай ұзақ уақыт күттік. 8 баланың анасымын. Ағайындарымыздың үйнде тұрдық. Пәтер де жалдадық. Өте ұзақ күттік. Қазір, Аллаға шүкір, бала-шағамызбен қуанып жатырмыз. Көптен көп рахметімді айтамын.
Алмат ӘБДІРАМАН