Онкологтар мен радиологтардың съезі жұмысын бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Онкологтар мен радиологтардың съезі жұмысын бастады

17.10.2019

Онкологиялық ауруларға шалдыққан науқастарды химиялық терапия жолымен емдеу тиімсіз. Классикалық химиотерапия науқастардың 23 пайызына ғана көмектеседі. Сондықтан обырды емдеудің жаңа генетикалық деңгейдегі әдісіне көшуіміз қажет. Бүгін елордада Қазақстан онкологтары мен радиологтарының 7 съезі өтіп, осындай пікір айтылды. Сапарапшылар обырды диагностикалау мен емдеудің озық технологияларымен танысты. Өйткені жиынға ТМД, Орта Азия және алыс шетелдерден 500-ден астам маман келді. Олар науқастарға геномдық талдау жасап, молекулалық-генетикалық өзгерістерді тексеру қажет екенін алға тартып отыр. «Яғни кешенді геномдық профильдеу әдісін көбірек пайдалануымыз керек»,-дейді. Тексерістің бұл түрі әлемнің 50-ден астам елінде қолданылады екен. Айта кетейік, елімізде жыл басынан бері 35 мыңдай адам онколгиялық дертке шалдыққан. Жалпы Қазақстанда обырмен ауыратын 180 мың науқас бар. Ал өлім-жітім жылына 15 мыңға дейін жетіп отыр.   

Оксана Шатковская, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты департамент директоры:

Онкологиялық аурулардан қайтыс болатын адамдардың 60 пайызы жұмысқа жарамды, еңбек етіп жүрген адамдар. Өкініштісі сол, олардың көбі дертіне мән бермей, жүріп қалады. Обырдың алғашқы деңгейі науқастардың 25 пайызында ғана анықталады. Осыған байланысты, бүгінгі съездің маңызы өте зор. Еліміздің және өзге мемлекеттердің мамандары келіп, тәжірибе алмасты. Шетелдердің озық технологияларымен таныстық. Бізге Францияның ем-дом шаралары үйлесетін сияқты. Әріптестермен алдағы уақытта келіссөздер жүргізетін боламыз.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу