Көпір құрылысы кәсіпкерлік нысандарға кедергі келтіріп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көпір құрылысы кәсіпкерлік нысандарға кедергі келтіріп отыр

17.10.2019

Ақтөбедегі жаңа көпір құрылысы сол маңдағы кәсіпкерлік нысандарының жұмысына кедергі келтіріп отыр. Себебі құрылысты жүргізіп жатқан компания жолдарды жауып тастаған. Енді жүздеген адам еңбек ететін мекемелер тұтынушы болмағандықтан банкрот болудың аз-ақ алдында тұр.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Жаңа көпірдің тұсында оннан аса мекеме орналасқан. Олардың дені автокөліктерге қызмет көрсетеді. Алайда жолды жауып тастағандықтан, кәсіпкерлер шығынға батып жатырмыз деп ашынады.

Ұшқын Сағатовқа тиесілі автокөліктерге қызмет көрсету кешені 20 жылдан бері жұмыс істеп тұр. 50-ден аса адам осы жерден нәпақа тауып, отбасын асырап келеді. Алайда соңғы жарты жылдан бері жол жабылып, келушілер саны күрт азайған. «Бұлай жалғаса берсе, мекеменің тоз-тозы шығады»,- дейді кәсіпкер.

Ұшқын Сағатов, кәсіпкер:

Жан-жақтың бәрін жауып, қазір күнімізді әрең көріп отырмыз. Клиент келмейді. Менің жеке ақша төлеп істеген асфальтімді ойып тастады...

Кәсіпкерлер көпір салынарда әкімдік өкілдерінің уәдені үйіп-төккенін айтады. Бұлардың алаңсыз еңбек етулеріне барлық жағдай жасалады деп сендірген. Дегенмен бәрі сөз күйінде қалып отыр.

Дүйсенбай Аманиязов, кәсіпкер:

«Біз пәлен қыламыз, мына жер деген ертең керемет болады. Сендер пайдаға белшеден батасыңдар»,- деді. Отырмыз... Алған кредитіміз бар.

Кәсіпкерлер бұған дейін мәселелерін айтып, құзырлы орындарға шағымданған. Бірақ еш нәтиже болмапты. Әкімдік өкілдері жолдың жабылуын іргелес тұрған колледж оқушыларының қауіпсіздігі үшін деп түсіндіреді.

Қамбар Мұқашев, Қала әкімінің баспасөз хатшысы:

Жоспарда, жұмыс жобасында көпірдің астынан және колледж алдынан өтетін айрық жол салыну қарастырылған. Жоспар бойынша 20-сыншы жылдың соңына дейін бітуі тиіс Кәсіпкерлердің табысы, екінші жақта колледж студенттерінің қауіпсіздігі. Таразыға салған кезде, әрине, басымдық студенттердің қауіпсіздігі.

Алайда көпірге жалғасып жатқан үлкен жолға жаяу жүргіншілер жолағы қойылмаған. Оқушылар күн сайын көшенің арғы бетіне жандарын шүберекке түйіп өтуге мәжбүр. Ал кәсіпкерлер талаптарының орындалуын әлі біраз күтетін секілді.

Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу