Елордалық мамандар медсақтандыру жүйесіне дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалық мамандар медсақтандыру жүйесіне дайын

17.10.2019

Келесі жылдан бастап енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне елордалық мамандар дайын. Тек тұрғындар тарапынан селқостық басым. Мамандар қазір халықпен жиі жүздесіп, түсіндіру шараларын ширатып жатыр. 

Екі айдан соң елде медициналық қызмет көрсетуің жаңа түрі басталады. Одан қазақстандықтар ұтпаса, ұтылмайды. Өйткені осыған дейін ақылы болып келген бірқатар ем түрлері қолжетімді болады. Мысалы, тіс емдеу. 

Нұрлыбек Қабдықапаров, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиал директоры: 

Пломбы жасау, профилактикалық тісті емдеу - соның бәрі кіреді.

Яғни, екі пакет бойынша қызмет көрсетіледі. Бұрынғыша кепілдендірілген медициналық көмек қалады. Одан тыс әлеуметтік көмекті сақтандыру жүйесі енгізілмек. Осының негізінде жұмыс істейтін азаматтар ай сайын 2500 теңге төлеуі тиіс. Ал 15 категория бойынша тұрғындардың медициналық шығынын мемлекет өз мойнына алып отыр. Олар зейнеткерлер мен мүгедектер және жұмыссыз топ. Қазір осы бағытта - тұрғындардың әлеуметтік статусын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Сәуле Кисикова, Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: 

Нұр-Сұлтан қаласында медициналық мекемеде тіркелген 1 млн 139 мың адам. 13 мың адам әлі тіркелмеген. Әр үйдің тұратын тұрғындары мен тізімдерін қарап жатырмыз. Қазіргі кезде тұрмайтын халықтың саны көп. Сол бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 

Оңалту мәселесі оңымен шешілмек. Өйткені тап осы қызмет 2,7 есеге дейін артпақ. Жалпы, жаңа жүйенің нәтижесін тұрғындар бірден сезеді деп отыр мамандар. 

Әсима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу