20 жыл бойы тігіншілікті кәсіп еткен көп балалы ана - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

20 жыл бойы тігіншілікті кәсіп еткен көп балалы ана

16.10.2019

Кейінгі кезде ұлттық киімдер мен бұйымдарға тұтынушылар тарапынан сұраныс көп. Алматы облысы, Қарасай ауданында тұратын он саусағынан өнер тамған тігінші Күлән Жанқұтты осыны айтты. 20 жылдан бері үздіксіз киізден түрлі киімдер тігумен айналысатын қолөнер шебері кәсібінің тасын өрге домалатып отыр. Тіпті еңбекқор зейнеткер «Балатай» атты қоғамдық бірлестік құрып, дәстүрлі өнерімізді алыс-жақын шетелдерге шығып, насихаттап жүр.

Зейнеткер Күлән Құсайынқызы қазір осы шеберханадан шықпайды. Өйткені киізден түрлі киімдер тігу — оның сүйікті кәсібі. Талай жыл мектепте талмай еңбек еткен шебер көп жыл бұрын ата кәсіпті қолға алып, оны жаңғыртуға көшкен.

Күлән Жанқұтты, тігінші:

Жаңа технологияны үйретіп жатқан заман болды. 90 жылдардың аяғы, 2000-шы жылдардың бас жағы, кезінде. Қазақстанның түкпір-түкпіріне қолөнермен айналысам, айналысып жүр деген адамдарды шақырып, солардың қатарында мен де болдым. Үкімет оған үлкен қаржы бөлді. Сөйтіп бастап кеттім.

Ұлттық құндылықтарды ұлықтай білетін хас шебер киізден киім-кешек пен түрлі бұйымдарды да тігеді. Одан бөлек, құрақ құрап, өрмек тоқиды. Білетін бар өнерін енді өзгелерге де үйретіп жүр.

Күлән апаның жанынан бір елі қалмай, тігіншілікпен айналысып келе жатқандардың бірі — Баян Қазкейқызы. «Бұл саланың ерекшелігі сол - әр шебердің өз қолтаңбасы бар», - дейді ол.

Баян Қазкейқызы, тігінші:

Күләнның еңбекқорлығына мен ырза боламын. Әр нәрсені тыңғылықты жұмыс жасайды. Мысалы, киімдеріне қарап отырсаңыздар өте ертедегі үлгілерді құрастырып қосып, жұмыс жасайды. Мысалы, оюлардың өзіне көп мән береді мысалы. Қазіргі кезде жастар жасайды. Әр жұмысымынң бәріне тек қошқар мүйізді жапсыра беретін.

Дәстүрлі қолөнер мен заманауи бағытты шебер үйлестіре білген Күлән Жанқұттының қолынан шыққан өнімдерге соңғы уақытта сұраныс артқан.

Күлән Жанқұтты, тігінші:

Бұл керемет отбасылық кәсіп. Әркім өзінің отбасында отырып алып, кішкентай балдарына үйретіп, неғылса ақырын, ақырын. Мысалы, байпақ басса көршілерден тапсырыс түседі.

Шебердің айтуынша, қазір Еуропалықтар арасында далалық мәдениет пен бұрынғы бұйымдар және көне заманның киімдеріне қызығатындар көп. Сондықтан Күлән апа шетелдерге барып, көптеген жәрмеңке мен көрмеге қатысқан. Әлі де солай. Енді ұлттық қолөнерді барынша насихаттап жүрген тігінші киізден тігілген сырт киімдерін Иранға апарып қайтпақшы.

Аманкелді СЕЙІТХАН


Хабарламаларға жазылу