Атыраудағы қоғамдық көліктер жаппай сараланған тарифке көшті. Бірақ тұрғындар жолақы төлеу жүйесіне енгізілген жаңа өзгерістерге әлі дайын емес. Құрылғылардың жиі істен шығуы, жолаушылардың әбден ызасын келтірді. Дауға іліккен бастама, кейбір қоғамдық көлік иелерін де әуре-сарсаңға салып отыр. Инвесторлар 300 миллион теңге қаржы құйған жобаның кем-кетігін меншікті тілшіміз Жандос Темірғали зерделеп көрді.
Бұл қала іргесіндегі елді мекенге қатынайтын 59-шы автобус. 10 қоғамдық көліктің бірден жұмысын тоқтатып, қаңтарылып тұруы тегін емес. Басты себеп, төлем жүргізетін құрылғының істен шығуы.
Жарты жолдан валидатор жасамай, қайтып келдік біздер. Содан бері тұрмыз.
Төлем картаға салған ақшалары өздерімен өздері күйіп кетіп жатыр. «Оны қайта-қайта соғып, біздердің ақшаларымызды ұрлап, қалталарыңа салып жатырсыңдар»,- дейді бізге.
Асылбек Сәртекенов, зейнеткер:
Кешегі автобуста терминал істемей қалды. 150 теңге төледік. Олай бола ма?
Жаңа жүйе әсіресе зейнеткерлерге қиындық тудырып тұр. Олар арнайы картаға қол жеткізу үшін ұзын сонар кезекке тұруға мәжбүр.
Ғафура Семғалиева, тұрғын:
Мен үш рет келіп тұрмын. Мынау дұрыс емес қой. Үлкен кісілер ана жерде отыр.
26 бағытқа қатынайтын 160 автобусқа жаңа тариф енгізілді. Біз түсірілім барысында, 4-5 қоғамдық көлікте болдық. Олардағы жағдай да көңіл көншітпейді.
Жандос Темірғали, тілші:
Біз қазір 8 бағытта қатынайтын қоғамдық көліктің ішінде тұрмыз. Мен қазір жол ақысын карта арқылы төлеймін. Міне, мына құрылғы жұмыс істемей тұр.
Ақтоты Қалыбаева, кондуктор:
–Жаңа келе жатқанда істемей қалды. Сосын таңертең бір рет жасамай қалды. Содан бері адамдарды тегін тасып жатсыз ба?
–Иә тегі тасып жатырмыз.
Бүгінге дейін 100 мыңнан астам тұрғын төлем картасын сатып алыпты. 150 миллион теңгеге жуық ақша карталарға салынған. Жауаптылар кем-кетіктің барын жасырмайды. Жақын күндері шешеміз деп отыр.
Әділбек Таңкиев, «Смарт-Атырау» КМК директоры:
Система істемей қалып жатыр. Бұл бір-екі рет кездесетін нәрсе. Бұл жаппай ақша салуға байланысты. Алдағы уақытта мынандай проблемалар болмайды.
Халыққа көрсетілер қызмет сапалы болуы тиіс. Тұрғындар кетік жүйенің оңтайлы тетігі тезірек табылса дегенді айтады.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ