Қоймадағы астықты сатып жіберген серіктестік директорына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоймадағы астықты сатып жіберген серіктестік директорына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды

16.10.2019

Қоймаға мемлекеттік қор ретінде қойылған астықты сатып жіберіп, орнына қар мен көң үйіп қойған. Шығыс Қазақстан облысында осындай құйтырқы әрекетпен оңай олжаға кенелмек болған серіктестік директорына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы 2017 жылдың соңында өңірдегі кәсіпорынмен бидай, күнбағыс және қарақұмықты қоймада сақтауға келісімшарт жасаған. Алайда кәсіпкер өзіне сеніп тапсырылған, жалпы құны 1 миллиард 400 миллион теңге болатын агро тауарды сатып жіберген. Ал тексерушілерге көрсету үшін қойманың ішінде бидай үйіліп жатқандай жалған көрініс жасайды. Енді ол 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Азамат Тілешев, Шығыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары:

Бидай, күнбағыс, қарақұмық қоймалардан шығарылып, үшінші тұлғаларға сатылған. Ұрланған өнімдерді жасыру үшін серіктестік басшысының нұсқауымен қоймаларда шөп, қар және қалдықтардан «муляж» жасалып, үстіне бидай себілген. Осы қылмыстық әрекеттер нәтижесінде бағасы 1,4 миллиард теңге болатын 17 мың тонна азық-түлік өнімдері ұрланды.

Берік КӨШЕРБАЙ


Хабарламаларға жазылу