Жамбыл облысында 9,6 мыңнан астам отбасының АӘК-ті заңсыз алғандығы әшкере болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында 9,6 мыңнан астам отбасының АӘК-ті заңсыз алғандығы әшкере болды

16.10.2019
Жамбыл облысында 9,6 мыңнан астам отбасының АӘК-ті заңсыз алғандығы әшкере болды

Жамбыл облысында атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) 14,5 млрд теңге көлемінде 35497 отбасына төленді. АӘК тағайындау кезінде 9632 отбасы өздерінің нақты табысын дұрыс көрсетпеді. Енді олар қазынаға 133,5 млн теңге қайтаруы тиіс, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпараты бойынша жүргізілген тексеру жұмыстары барысында ең көп таралған бұзушылықтар тек нақты табыстарды ғана емес, сонымен қатар бизнесті, жылжымайтын мүлікті, көлік пен малды қасақана жасыру болғаны анықталды.

«Ағымдағы жылдың 16 мамырында Меркі ауданында тұратын көпбалалы отбасына 1416588 теңге көлемінде АӘК тағайындалды. Тұрғын үйіне, тұрмыстық жағдайына және аталған отбасының табыстарына тексеру жүргізу кезінде олардың жалпы ауданы 100 шаршы метрден асатын жаңа үйде тұратындығы, материалдық жағдайы жақсы, отағасы жеке кәсіпкер екендігі анықталды. АӘК тағайындау кезінде I тоқсанда кіріс көлемі 415968 теңге деп көрсетілген. Әлеуметтік көмек алу заңдылығын тексеру барысында олардың бірінші тоқсанда 1 млн теңгеден астам табыс тапқаны әшкереленді», – деді өңірлік Жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы Тимур Нұрымбетов.

Оның айтуынша, осыған ұқсас фактілер өңірдің басқа аудандарында да орын алғандығы анықталды.

«Сондай-ақ, мамыр айында Сарысу ауданының алты адамнан тұратын отбасына ай сайын 110566 теңгеден, жалпы сомасы 1326792 теңге көлемінде АӘК тағайындалды. Учаскелік комиссияның қайта тексеріс жүргізуі барысында, алушы көмек тағайындау кезінде бірінші тоқсанда кәсіпкерліктен 127500 теңге табыс түскен деп көрсеткен, шын мәнінде оның табысы 500 мың теңгеден асып кеткен», – деді Тимур Нұрымбетов.

Ол сондай-ақ әлеуметтік көмекті заңсыз жолмен алу мақсатында өңірдің кейбір тұрғындары нақты тұратын мекенжайын немесе уақытша тіркелген мекенжайын жасыруға тырысқанын атап өтті.

Бүгінгі таңда заңсыз атаулы әлеуметтік көмек алған Жамбыл облысының тұрғындарынан 27,1 миллион теңге өндіріліп алынды.

Естеріңізге сала кетейік, АӘК тағайындау мен төлеудің дұрыстығын мониторингтеу нәтижесінде 74 мыңға жуық атаулы әлеуметтік көмек алушының табысы туралы жалған ақпарат бергені анықталды.


Хабарламаларға жазылу