Алматыда тағы да жылу құбыры жарылып, 10-нан астам көлікке зиян келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда тағы да жылу құбыры жарылып, 10-нан астам көлікке зиян келді

15.10.2019

Алматыда тағы да жылу құбыры жарылды. Ірі мегаполисте іле-шала болған екінші төтенше жағдай. Бұл жолғы жарылыстың да жойқындығы соншалықты 10-нан астам көлікке зиян келді. Абырой болғанда, апаттан зардап шеккен адамдар жоқ.

Куәгерлердің айтуынша, төтенше жағдай таңғы 10 кезінде болған. 50 сантиметрлік құбыр жарылып, қысымы қатты су аспанға атқылаған. Апаттың салдарынан, осы маңдағы тұрақта тұрған 10-нан астам көлікке зиян келген. Көбісінің іші суға толып, терезелері сынған.

Ерболат Омаров, зардап шегуші:

Алдыңғы, артқы терезелері сынған. Үстіне тас шашыраған. Капотта бірнеше тас ұшқан жерлері бар...

Жауапты мамандар бұл көлік иелерінің барлығына заңға сәйкес өтемақы төленетіндгін жеткізді. Ал күтпеген жерден жарылған құбыр 1997 жылы салынған. 22 жыл өтсе де ауыстырылмаған. Биыл бұл желі тексеруден өткен. Бірақ тура жылу маусымы басталған күні жарылды.

Ян Гирин, Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық кәсіпорнының өкілі:

Алматыдағы құбыр желілерінің 61 пайызының салынғанына 25 жылдан асқан. Яғни олардың барлығының мерзімі өткен, ауыстыру қажет. Бірақ оны 1-2 жылда толық жаңартып шығу мүмкін емес. Сондықтан біз жоспар бойынша жұмыс істеп жатырмыз.

Қазір оқиға орнында коммуналдық қызметкерлер жұмыс істеп, құбырды қалпына келтіріп жатыр. Қалада жылу маусымы басталып кеткендіктен, мұнда тек уақытша жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал мамандар бұл апаттың кесірінен, тұрғын үйлер жылусыз қалмайды деп сендірді.

Амангелді СЕЙІТХАН


Хабарламаларға жазылу