Қазақ музыканттары талантымен Бельгия жұртын тамсантты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ музыканттары талантымен Бельгия жұртын тамсантты

15.10.2019

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов пен танымал пианиношы Әйгерім Матаева Брюссельде концерт берді. Жас таланттардың Еуропа жұртына танылуына еліміздің Бельгиядағы елшілігі сеп болып ботыр. Музыкалық кеш жайлы тілшіміз баяндап береді. 

Кең диапазонды тембрге толы дауыстың иесі Азамат Жылтыркөзов пен қазақ фортепиано мектебінің жарық жұлдызы Әйгерім Матаева Еуропада бұған дейін талай концерт берген. Бірақ, бельгиялықтардың алдында алғаш өнер көрсетулері. Азамат-24 жасында «Дарын» сыйлығын алып, 25-жасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанған тума талант. Қазақ ұлттық музыка академиясының түлегі Әйгерім қазір Париждегі консерваторияда дәріс беріп, қазақ-француз балаларын өнерге баулып жүр. 

Әйгерім Матаева, пианиношы, Париждегі «Қорқыт» қазақ мәдени орталығын құрушы:

Қазақстанның музыка мектебі өте мықты. Оны еуропалықтар мойындады және еуропалықтар қазақтың ұлттық музыкасына, мәдениеті мен салт-дәстүріне қатты қызығады. Соны көбірек дәріптеуге тырысып жүрміз. 

Азамат Жылтыркөзов, Қр Еңбек сіңірген қайраткері, опера әншісі:   

Арманым осы қаншама шығарма бар соның бәрін орындау, елге дәріптеу, жеткізу. Ең басты арманымыз-ол Қазақстан елін, мәдениетін, орындаушылық өнерін жоғарғы деңгейде бүкіл әлемге паш ету.

Кірпияз көрерменнің назарына музыканттар Равель, Шопеннің әлемдік классика жауһарларын, Рахманинов пен Чайковскийдің үздік туындыларын орындап, ұлы Абайдың шығармашылығымен жақыннан таныстырды.

Концертте көпшілік қазақ композиторлары Кеңес Дүйсекеев пен Жоламан Тұрсынбаевтың да шығармаларына қанықты.

Жоламан Тұрсынбаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, композитор:

Бұл концертте менің екі шығармам орындалды. Еуропаның кіндік орталығында қазақ әншісі орындап Азамат десе атына заты лайық Азамат Жылтыркөзов және өте жақсы пианист, қазақ фортепиана мектебінің дарынды өкілі деп айта алам Әйгерім Матаева. Мен оған бақыттымын. 

Франческо Медда, Италия опера театрының әншісі:

Концерт керемет өтті. Мен өзім тенор әншімін. Баритон қазақ жігітінің дауысы ғажап. Ол өз дауысының әлеуетін білетін өзіне өте сенімді әнші. Пианиношының энергиясы, шеберлігі өте жоғары. Жастардың талантына тәнті болдым.  

Еуропалықтар қазақ музыкасының құдіретіне тамсанды. Музыканттардың әрбір шығарманы қара терге түсіп, бар жан-тәнімен сезініп, орындағанына тәнті болды. Еліміздің Бельгиядағы елшілігі қазақстандық жас таланттарды шетелдіктерге таныстыруды жалғастыра бермек.  

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу