Теріскейде құрылысы аяқталмаған жол ойылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теріскейде құрылысы аяқталмаған жол ойылып жатыр

14.10.2019

Теріскейде құрылысы аяқталмаған жол ойылып жатыр. Жамбыл ауданындағы Благовещенка-Қайранкөл бағытындағы тас жолдың сапасы сын көтермейді. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мен «Nur Otan» пратиясы өкілдері бірлесіп жүргізген тексеріс барысында мердігер компанияның өз ісіне жауапсыз қарағаны анықталды.

Бұл жол Благовещенка мен Қайранкөл ауылдарын жалғайды. Биыл қатынасты жақсарту үшін қазынадан 600 миллион теңге бөлінген. Бірақ жергілікті тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмады. Әлі пайдалануға берілмеген жолдан шұрық-тесік пайда болды.

Сағындық Сәбитұлы, тілші:

Техникалық талаптарға сай асфальт қабатының қалыңдығы 5 сантиметрден кем болмауы тиіс. Ал мына учаскенің кейбір жерлерінде оның қалыңдығы тек 2,5 сантиметрге ғана жеткен. Оған қоса, астына қиыршық тас емес орнына құм мен сары балшық қана төселген. Соның салдарынан асфальт тез ойылып, жарамсыз боп қалған.

«Асфальттың қалың болуы жолдың сапасына тікелей әсер етеді»,- дейді мамандар. Алдымен салынған жолдың алғашқы қабаты мен тығыздығы тексеріледі.

Еркін Әбілмәжінов, Жол активтерін бақылау ұлттық орталығының инженері:

 Мына жерде 2,5 сантиметр ғана. Сәл ауытқулар болады. Бірақ дәл мынандай емес. 2,5 сантиметр өте жұқа. Ал тығыздығын зертханада тексереміз.

Ал мердігер компания өкілдерінің өз айтары бар. Олардың пайымынша, бұл жерге орташа емес, күрделі жөндеу жүргізілуі тиіс екен.

Гарик Мелконян, мердігер компания өкілі:

Асфальт салмас бұрын астына құм мен тас төсеу барысында жүк көліктері жүріп, ойып тастаған. Соның кесірінен кейбір жерлерде асфальт үгтіліп қалды. Енді бұл олқылықтарды жоямыз. Қайтадан төселеді асфальт.

Арнайы тексеріс барысында белгілі болғандай, мердігер компания бөлінген ақшаны тиісінше ұқсатпаған. Сапа ақсап тұр. Әйтпесе 17 шақырымды жөндеуге 600 миллион теңге аз ақша емес.

Дамир Хабибулин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы:

КТ 32 трассасын жөндеу кезінде кемшіліктері көп деген шағым түсті тұрғындардан. Тексеріс барысында жол жөндеуші мекеменің кемшіліктерін анықталды. Жолдың біраз жерлерінде асфальт үгтіліп, тозаңға айналған. Сынама алынды. Соның нәтижесі бойынша, тексеріс жүргізіледі.

Жол азабын жүрген біледі. Шалғайдағы ауылға тауар таситын Серік Нұғыманов алғашында қуанғанымен, асфальтпен 1-2 рет жүріп көргесін көңіліне қаяу түсті.

Серік Нұғыманов, жүргізуші:

Ойықтың ішінде ойық болады әлі. Әлден мынандай боп жатса, ұзаққа бармайды. Күн суығасын, асфальт қатып, қалғаны да үгітіліп, шашылып қалады.

Келсім бойынша тас жол қазан айының 30-да тапсырылуы тиіс. Алайда осы тексерістен кейін жасалған жұмыстың қабылдануы екіталай.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу