Президент он елге ортақ визалық режим енгізуді ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент он елге ортақ визалық режим енгізуді ұсынды

13.10.2019

ТМД елдерінің өз «Шенгені» пайда болуы мүмкін. Қасым-Жомарт Тоқаев Ашхабадта өткен ТМД мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында он елге ортақ визалық режим енгізуді ұсынды.

ТМД-ға мүше елдерді бір сапар аясында көріп қайтқысы келетін шетелдік туристерге мүмкіндік беретін виза. Өйткені кейбір елдердің визалық және миграциялық режимі бәріне бір сапар жасауға кедергі. Қазақстан президентінің бұл ұсынысы қолдау таба ма, белгісіз.

Ал Ашхабадтағы саммитте Түркіменстан әзірлеген «ТМД ға мүше мемлекеттердің стратегиялық экономикалық әріптестігі туралы декларацияға» барлығы қол қойды. Бұл құжат әр елдің ұлттық экономикасын дамытып, ТМД елдерінің өзара сауда-инвестициялық байланысын, әрі өзге де мемлекеттермен серіктестігін нығайтуға бағытталған. Алайда қазақ басшысы әлі көп шаруа барына тоқталды. Мысалы, ТМД елдеріне ортақ осал тұс: электрондық сауда-саттық дейгенінің төмендігі. Былтыр дүние жүзі бойынша электрондық сауда көлемі 1,8 триллион долларға жеткен. Сарапшылар бес жылдан соң бұл көрсеткіш тағы бір триллион долларға өсетінін болжайды. Ал «достастық елдері» бұл салада бәсекелесе алмайды. Жалпы, әлемдік көлемнің бір ғана проценті ТМД елдеріне тиесілі.


Хабарламаларға жазылу