Қазақстанға есірткі қайдан, қалай өтіп кетіп жатыр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанға есірткі қайдан, қалай өтіп кетіп жатыр?

12.10.2019

Есірткі деген тажалдың қазақ қоғамына еніп кеткенін, онымен күресудің кеміп кеткенін аңғардық. Президенттің өзі жас пен кәрі шетінен нашақор боп кетпеу үшін нақты қадамдар жасаңдар деп тапсырма берді Үкімет пен Парламентке. Тапсырманы қағаз жүзінде орындауға үйреніп, аузымен орақ оратын шенеуніктердің трюгі бұл жолы өтпейді. Мәселені түбегейлі шешу керек, есірткі тасымалдайтындардың жолын кесу керек. Өйткені нашақорлық ХХІ ғасырдағы адамзаттың әуелі балағына жармасып, кейін басына шапқан дерт. Мына мәліметті қараңыз, БҰҰ сарапшылары апиынның өндірісі соңғы екі жылда 65 пайызға өсіп 10 500 тоннаны құрағанын айтты. Героин секілді ең қауіпті есірткі жасалады бұдан. Жеңіл түрлерін жіпке тізсең тіптен тізімің түгесіледі. Бұл қалай болғаны? Жаңа ғасырда, бұрын-соңды ешкімнің ойына кіріп-шықпаған ғылыми жетістіктерге ұмтылған адамзат баласы шетінен нашақор боп кетті деуге келмес. Басты мәселе, есірткінің қолжетімді болуында. Және ажалға айдайтын апиын өндірісін, оның тасымалын тоқтатуға қолында қаржысы, билікте биі барлардың құлықсыз болуы. Өйткені бұл тажал талайдың қалтасын толтыратын кәсіп. Әрине, Үндістан, Түркия, Автралия сияқты елдер фермаларда есірткінің бір түрі боп табылатын көкнәрді өсіреді, оны ғылыми-медициналық бағытта пайдаланады. Басқалары адамзатты улап пайда табудың амалын жасайды. Мысыққа ойын керек, тышқанқа өмір керектің кері. Үні жеткен жерлерге үкім айтатын БҰҰ ресми дерек айтқанда сілтідей тынатын адамзат бұл жолы да шошынды. Жыл сайын әлемде есірткі саудасымен айналысатын қылмыстық топтар мен оларға көмектесетін шекара қызметі мен шенеуніктердің қалтасы 1 триллион долларға толады екен. Сұмдық. Қазір әр ел ішінен іріп кетпеу үшін шекарасын шегендеп әлек. Мәселен, АҚШ президенті Дональд Трамп Мексикамен екіараға қабырға тұрғызды. Америкалықтар жаппай нашақор бор кетпесін деп. Апта сайын героиннің кері әсерінен 250 америка азаматы көз жұматынын ескерсек, Трамптың бұл тірлігін еріккеннің ермегі деуге аузың бармайды. Ал бізде қалай? Қазақстанға есірткі қалай, қайдан өтіп кетуде? Бұл қауіпті бизнесте қайсы дөкейлердің үлесі бар? 

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу