Денсаулық сақтау министрі наразылық білдірген студенттермен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Денсаулық сақтау министрі наразылық білдірген студенттермен кездесті

09.10.2019

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «өзінің отставкасын талап еткен» Алматылық резиденттермен кездесті. Өткен аптада бір топ студент күзде ақылы бөлімге түскенімен, оқудан заңсыз шығарылғандығын айтқан.

Бірақ бүгін жүздесуде белгілі болғаны, олардың барлығы 7 жыл мемлекет қаржысымен грантта оқыған. «2012 жылы қабылданған заң бойынша оқуын ары қарай жалғастырмас бұрын 3 жыл мемлекет ұсынған орындарда жұмыс істеп, сол қаржыны өтеулері тиіс. «Сол міндетті орындамаса резидентураға ақылы бөлімге де қабылданбайды,-деді министр. Ведомство басшысы студенттерді ақылы оқуға қабылдаған оқу орындарының кінәсі екендігін де жеткізді. Ал заң бойынша болашақ дәрігерлер резидентурада тек мемлекеттік грантта оқулары шарт. Себебі оған жыл сайын 1500 грант бөлінеді. Бәрі дерлік арнайы сараптама арқылы таңдалған. Яғни медицина саласына аса қажетті мамандықтар.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық Сақтау министрі:

Бүгінгі күнде медицинаның әр саласында білікті мамандар жетіспейді. Алыс аймақтарда дәрігерлер жоқтың қасы. Біз сол олқылықтың орнын толтыру үшін осындай қадамға барып отырмыз. Мемлекеттің қаржысына білім алған студенттер елге қажетті мамандықта оқуын жалғастырып, болашақта сол салада жұмыс істеуі тиіс.

Амангелді СЕЙІТХАН


Хабарламаларға жазылу