Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында туризмді, әсіресе эко-этнотуризмді дамытуға күш салу керектігін айтқан. Ал оны дамыту үшін қажетті инфрақұрылымды жүргізу ісін білікті мамандарға дайындауды тапсырды. Сондықтан қазір еліміздегі туристік мекендерде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Алматы облысындағы ең көрікті жерлердің бірі - Шарын шатқалында келушілер үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Сондықтан парк қызметкерлері мыңдаған туристі қабылдауға қауқарлы. Себебі қазір сиқырлы мекенді көргісі келетіндердің қатары көбейді. Ал ерекше сұлулығымен көпті тәнті еткен Шарын шатқалында қысқы маусым ашылды.
Әлемде көркі көз тартатын шатқалдар Американың Аризона штаты мен қазақ даласында ғана бар. Ал біздің Шарын жұмбақ бейнелері, сырлы суреттерімен ерекше. Жергілікті жұрт бұл жерді «Қорғанды қамалдар аңғары» деп те атайды. Оның ұзындығы 2 шақырым, ені 80 метр. Мұнда биіктігі 300 метрге дейін жететін құмды жарлар да бар.
Шарын шатқалына барған туристерді бір-біріне ұқсамайтын, қайталанбас кескіндер тамсандырады. Себебі мұнда бейнеленген алып мүсіндер адам қолымен қашалғандай әсер береді. Сондықтан бұл ғажайыпты көруге келетін шетелдік саяхатшылардың да қарасы үзілген емес. Мәселен, Индиядан арнайы осында ат басын бұрған турист Бил Дэвид. «Қазақстанның тұмса табиғаты мен халқының қонақжайлылығына таң қалдым. Тіпті, ағылшын тілін білетіндер өте көп. Жергілікті жұртпен тез тіл табыстым», - дейді ол.
Бил Дэвид, турист (Индия):
Қазақстанға алғаш рет келдім. Америка құрама штаттарында тудым. Қазір Индияда тұрамын. Шыны керек, Шарынның табиғатынан керемет әсер алдым. Қызмет көрсету сапасы да жақсы. Америкадағы атақты Грант шатқалдарында да болдым. Ол аумағы жағынан үлкен болғанымен, Шарынның өз ерекшеліктері бар. Жалпы, Қазақстан туризмі жоғары деңгейде деп айтуға болады. Келгеніме еш өкінбеймін. Болашақта тағы да келемін деген сенімдемін.
Алматыдан 200 шықырым қашықтықта орналасқан көрікті аумақта туристерге қызмет көрсету үшін арнайы мамандар жұмыс істейді. Шарынның ең төменгі бөлігіне жету үшін өте ыңғайлы көліктер де қарастырылған. Ал, төменгі бөлікті Шарынның төрі деп атайды. Өйткені мұнда ұлттық нақыштағы қонақ күтетін үйлер салынған.
Максим Акрамов, Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инспекторы:
Инфрақұрылымды дамыту мақсатында туристерге қолайлы болуы үшін қолымыздан келгенше тер төгіп, барымызды салып жатырмыз. Жыл сайын жаңалау жұмыстарын жүргіземіз. Мұнда күніне 10-нан астам маман туристерге қызмет көрсетеді. Олардың қатарында ағылшын тілін жетік білетін жолнұсқаушыларымыз да бар.
Айдын Ақыш, жолнұсқаушы:
Туристер Шығыс Еуропадан, Орталық Азиядан көп келеді. Әсіресе, Польша, Чехия, Венгрия елдерінен.
Былтыр Шарын шатқалына 62 мемлекеттен 15 мыңнан астам адам, ал биыл 19 мыңға жуық турист келген. Олардың 8 мыңнан астамы - шетелдік. Сонымен қатар, Шарыннан шыға қалсаңыз, алдыңыздан «Қызыл кітапқа» енген Соғды шағанын көресіз. «Ерен тоғай» дейді жұрт. Мұндай тоғай тек Қазақстан мен Канадада бар.
Нұрхан Нұрланұлы