Ақтауда жетпісті алқымдаған қария пәтерін қоқысқа толтырып, көршілерінің мазасын қашырды. Тұрғындар жағымсыз иіске тұншығып, подъезді жайлаған жәндіктермен күресуде. Зейнеткердің үстінен бірнеше рет шағым түскен. Алайда құзырлы мекемелер шарасыз күйде отыр.
3 бөлмелі пәтер аузы-мұрнына дейін қоқысқа толған. Аяқ алып жүру мүмкін емес. Сондықтан учаскелік инспектор да, тазалық мекемесінің жұмысшылары да ішке бас сұғып кіре алмады. Баспанадан шыққан қоқыстың иісі қолқаны қабады. Бақытжан Жұбатыров мұнда 25 жылдан бері тұрады. Айтуынша, жұбайы қайтыс болған, ал балалары әкеге қараспайды. Қария жиған қоқысынан айырылғысы жоқ.
Бақытжан Жұбатыров, Ақтау қаласының тұрғыны:
Нағашымның заттары бұлар. Жалғыз өзім тұрамын. Нағашым әлі заттарын алмай жүр.
Зейнеткер үйін тазаламақшы болғандарға ашуланды. Ызасы келіп, қоқысты қайтадан пәтеріне тасуға тырысты. Мұндай көршіден маңайдағылар мезі болған.
Надежда Стрельникова, Ақтау қаласының тұрғыны:
Көршімнен қорлық көріп келемін. Күнде балконнан дәрет сындырады. Терезені қайта-қайта жуамын. Мына тарақанды өздеріңіз көріп тұрсыздар.
Пәтер иелері кооперативінің өкілдері шарасыз күйде. Пәтерді тазалап, жәндіктерді улап беруді ұсынған. Алайда тұрғын ешкімді үйіне кіргізбейді.
Феруза Досметова, Пәтер иелері кооперативі басшысының міндетін атқарушы:
Психо-неврологиялық диспансерге тексерттік. Еш жерде есепте тұрған жоқ. Үй иесінің жеке мүлкі болғандықтан, біз үйіне баса көктеп кіре алмаймыз.
Құзырлы орған өкілдері бұл жолы да ештеңе істей алмады. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда тұрғындарға сотқа жүгінуден басқа амал жоқ.
Аягөз Оралбайқызы