Ақмола облысында бірнеше елдімекен электр энергиясының жоқтығынан қиындық көріп отыр. Зеренді ауданының Приречное және Павловка ауылдарында жарық жиі сөнеді. Тұрғындардың электр энергиясын жеткізуші компания алдында қарызы болмаса да жағдай осы. Жергілікті билік мәселенің төркінін электр сымдарының ескіруімен түсіндіреді.
Елді мекеннің жарықсыз қалуы қалыпты жағдайға айналған. Тұрғындар электр энергиясы үшін ақшаны уақытылы төлегенімен, тиісті қызметті ала алмай отыр. Қанша шағамданса да, нәтиже жоқ.
Роза Ашенова, ауыл тұрғыны:
1 айдан бері біз жарықсыз отырмыз. 3 күндей болмай қалады. Электрик шақырсақ, «ақша төле» дейді. Жағдай сол. Ана сымдар былай салбырап тұр ғой, қатты жел болғанда бір біріне тиіп от шығады...
Жарық бірнеше күнге сөніп қалатын жағдайлар жиілеп кеткен. Ауылдағы су жүйесі электр энергиясына байланысты. Әсіресе азық-түлік бүлініп, жергілікті кәсіпкерлердің ісіне тұсау болды.
Владимир Дорохов, ауыл тұрғыны:
Менің дүкенім бар. Тоңазытқышта сақталатын азық-түлік бүлініп кетеді. Мұндай жайттар бірнеше рет болды. Сондықтан амал жоқ арнайы автономды құрылғы сатып алдым. Жарықтың сөніп қала беруінің бір-ақ себебі бар. Сымдардың, тораптардың әбден тозығы жеткен.
Екатерина Рожкова, ауыл тұрғыны:
Электр энергиясы біздің бас ауруымызға айналды. Жел бола қалса, жарықсыз қаламыз. Ауа-райы бұзылса, жарық өшеді деген сөз. Ақшамызды төлеп отырмыз ғой. Неге жөндеп бермейді? Кімге барарымызды білмейміз.
Зеренді ауданының оңтүстік бөлігіндегі электр желілері «Зеренді-Групп» компаниясына тиесілі. Алайда оны 15 жыл бұрын сот шешімімен «Көкшетау Энерго» мекемесі уақытша қолдануға алады. Сол кезде басталған екі заңды тұлға арасындағы сот процесі әлі жалғасуда. «Зеренді-Групп» басшылығының айтуынша, желілер заңсыз бұғатталған. Ал қазір меншікке қайта алу үшін қажетті мамандар да, мүмкіндік те жоқ. Кәсіпкер жағдайды осылай түсіндіргенімен сұхбат беруден бас тартты. Қазір тұрғындар электр энергиясы үшін ақшаны «Көкшетау-Энерго» серіктестігіне төлейді. Олардың бұл жағдайға қатысты өз уәжі бар.
Досымхан Аралбаев, «Көкшетау Энерго» серіктестігінің бас директоры:
Әрбір елді мекендерде үлкен қосалқы станциялар тұр, 35-10 кВт деген. Тек соларға дейін ғана жеткізе аламыз. Әрі қарай бізде келісім шарт жоқ. Қазіргі алып отырғандары халықтың, былайша айтқанда, біздің халықтың жағдайын ойлағандықтан. Өшіріп тастасақ, заң аясында қазір өшіріп тастауға құқығым бар. Әрі қарай өйткені келісім шарт жоқ. Бірақ әр жағында халықтар отырғандықтан жарықты беріп отырмыз.
Осылайша, желілерді кім жөндеуі тиіс екені әлі белгісіз. Мәселені шешуге жергілікті әкімдік те қауқарсыз. Себебі электр сымдары мен бағаналар жекенің меншігінде.
Ермек ЕЛБЕРГЕН