Күріштің элиталық сорттары өсірілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Күріштің элиталық сорттары өсірілді

04.10.2019

Бір кездері ақ күріштің қырманын тасытқан Шардара ауданының диқандары үйреншікті кәсіптерін қайта қолға алды. Биыл олар дәнді дақылдың элиталық сорттарын жерсіндіріп, өзгелердікінен бөлек тәсілмен күріш екті. Химиялық қоспаларды пайдаланбай-ақ экологиялық таза өнім өсірді. Күріш ору науқанына кіріскен диқандар қазір гектарынан 80 центнерге дейін өнім жиып алуда.

Күріш егудің қыр-сырын әуелден жетік білетін Рақымберді Айтмырзаев биыл 17 гектар жерге күріштің «Лазер» деп аталатын сортын өсірді. Элиталық күрішті былтыр азғантай жеріне егіп, тұқымын өзі көбейтіп алған-ды. Өнімі әбден пісіп жетілген алқап қазір жалы бұйраланған толқын тәрізді. Дәнінің тоқтығынан күріш сабақтары жантайып, бір бірін әзер демеп тұр.  

Рақымберді Айтмырзаев, шаруа: 

«Лазер» жоғары бағаланатын күріш. 40-45 пайыз өнім береді. Мұның бағасы басқа күрішке қарағанда жоғары жүреді. Стекловидності жоғары.

Бүгінде ауданда тұқым дайындаумен оншақты шаруа қожалығы айналысады. Ғылыми зерттеу инситутының мамандары бүгінде олардың санын көбейту және селекциялық жұмыстарды жандандыру мақсатында жұмыс істеп келеді. Өнімділікті артты. Оған қоса биыл күріш бағасы да қымбат болып тұр. 

Мұрат Нұрпейісов, шаруа:

Бір келі күріш 350-360 теңгеге шықты. Бұл нарық бір жыл бұрын 220-ның көлемінде еді. Бұл сұраныстың жоғарылылығы. Өйткені Ауғанстан, Иран оған Монғолия қосылды. Сондайлардың есебінен ғой. 

Аймакта жыл өткен сайын күріштік алқап көлемі артып келеді. Биыл аудан бойынша 1 мың 350 гектар жерге күріш дәні себілді. Бұл былтырғыдан 235 гектарға көп. 

Абылай Маханов, Шардара ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

Мемлекеттен беріліп жатқан субсидия қолдаулар өз әсерін тигізуде. Биылға 1 мың 350 гектар алқаптан 72 центнерден артық өнім алғалы отырмыз. Нәсіп болса 9 мың 700 тоннадан өніміз аламыз таза. 

Шардараның күрішті ақтап, тұтынуға дайын өнім етіп беретін зауыты да бар. Қазір мұндағы жұмысшылар қырманға түскен ақ маржанды кептіріп, қоймаға жиып алып жатыр. Былтыр жиналған өнімнің 40 пайызы ішкі нарықта саудаланса, қалған бөлігі шет мемлекеттерге экспортқа жіберілген.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу