Аягөз өңірінде шағын және орта бизнеспен шұғылданатындардың саны 4 мыңға жуықтаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аягөз өңірінде шағын және орта бизнеспен шұғылданатындардың саны 4 мыңға жуықтаған

03.10.2019
Аягөз өңірінде шағын және орта бизнеспен шұғылданатындардың саны 4 мыңға жуықтаған

Аягөз өңірінде шағын және орта бизнеспен айналысатындардың саны 4 мыңға жуықтаған. Келер жылдан бастап, Жолдауда айтылған жеңілдіктер іске асса, бұл салаға бет бұрғандардың саны өңірде еселеп артпақ. Президент Жолдауында шағын бизнес саласындағы компанияларды табыс салығынан босатып, үш жылға тексеріс жүргізуге тыйым салу жайлы айтылған еді. Кәсіпкерлер қауымы бұл елімізде бизнесті дамытуға демеу болады деген пікірде.

Мұхитбек Мұхаметжанұлы бизнеске 2004 жылы келген. Тәжірибелі кәсіпкер. «Жетістікке жету үшін, талай жыл тер төгіп, қиындық көрдім», -дейді. Мемлекеттің қолдауымен ойдағысын орындап, ісін өрге домалата білген. Қазір 50-ден астам адамды жұмыспен қамтиды. Жақында қала орталығында бос жатқан ғимаратты сатып алған. Онда заманауи қонақ үй құрлысын жүргізіп жатыр.

Мұхитбек Мұхаметжанұлы, кәсіпкер:

Президентіміздің Жолдауында жақсы айтылды. Нағыз бізге деген бетбұрыс бар. Біз қуанып қалдық. Енді оңай шаруа емес қой, салық деген. 4-5 түрі бар бізде. Салықтан босатса енді, үлкен қаражат. Оны басқа шаруға саласың. Мемлекеттен қолдау бар ғой. Жылдан жылға жақсарып келеді. Сондықтан жастарға айтарым, кірісу керек қой.

Қазір Аягөз өңірінде 4 мыңға жуық кәсіпкерлікпен шұғылданатындар бар. Дені шағын ғана іс бастап, ірі бизнеске дейін қол жеткізді. «Олардың көбі мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне жүгініп, бүгінде өзгелерді жұмыспен қамтып отыр»,- дейді мамандар.

Ділдәбек Оразбаев, Аягөз ауданының әкімі:

Осы кіші және орта бизнесті әрі қарай дамыту керек. Дамыту үшін тағы да несиелерді... бір 3 пайыз ба, 4 пайызбен берсек, екі есе көбейгелі тұр.

Қазір Шығыс Қазақстан облысы шағын және орта бизнеспен шұғылданатындардың саны бойынша елімізде алдыңғы қатарда. Өткен жылы 82 мыңға жуық кәсіпкерлік субьектілері тіркелген. «Мамандар жаңа жылдан бастап бұл салаға жеңілдіктер жасалса, жеке кәсіпке бет бұратындардың саны арта түсері анық»,- дейді.

Ержан ЖАҚЫП


Хабарламаларға жазылу