Қазақстандық дизайнерлер Париждегі сән апталығына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық дизайнерлер Париждегі сән апталығына қатысты

03.10.2019

Бұл - әлемдегі төрт ірі сұлулық мерекесінің төресі. Мәртебелі шараға Орталық Азия елдерінен алғаш шыққан қос жерлесіміз еуропалықтарға ұлттық нақыштағы төл туындыларын ұсынды. 2020 жылдың көктем мен жаз маусымына арналған киім топтамалары көпшілікті тәнті етті. 

Отандық сән индустриясының жарқын өкілі Айдархан Қалиевке Париж сән апталығының ресми бағдарламасының шымылдығын ашу бақыты бұйырды. Бүтін бір ұлттың намысын қолдан бермес үшін дизайнер жаңа топтамасына бар жанын салыпты. Нео-фольклор стиліндегі шапан, қамзол, кимешектердің көркі көздің жауын алады. 

Айдархан Қалиев, дизайнер:

Біздің мақсатымыз - өз брендімізді жарнамалап, қазақтың мәдениетін, өнерін көпшілікке паш ету, ұлттық киімдерімізді шетелдік нарыққа сатылымға шығару. Париждегі сән апталығы - сол үшін таптырмас мүмкіндік.  

Бұл елордалық дизайнер Гүлнәр Қасымның «Қазақ елінің рухы» деп аталатын топтамасы. Ұлттық нақыш пен жаңашылдық үйлесім тапқан костюмдер негізінен барқыт, масаты мен жібектен тігілген. 

Гүлнәр Қасым, дизайнер:

Мен осы коллекцияны Eurasian fashion week-ке дайындағанмын. Ташкентте болғанда осындай ұсыныс болды «Парижге келе аласыз ба?» деген. Сол ұсыныспен келдім. Өте ризамын. 

Ұлттық бояуы қанық, ерекше стильдегі костюмдерді жұрт қайта-қайта суретке түсіріп, сызбасын сызып, жоғары бағалады. 

Кара Винсент, Париж қаласының тұрғыны:

Қазақ дизайнерлерінің топтамасы қатты ұнады. Шығармашылық еркіндік бірден сезіледі. Көктем, жазда рахаттанып киіп жүруге әбден лайық.    

Амала Паромал, дизайнер:

Бұл шынында керемет топтама. Түрлі түстерді бір-бірімен әдемі үйлестірген. Каталогын көріп, тапсырыс беруге дайынмын. 

Ұлттық құндылықты сақтай отырып, жаһандану көшіне ілескен қазақ сәнгерлерімен француз дизайнерлері іскерлікті бекемдеуге бейім. Биік белесті бағындырған Айдархан мен Гүлнәрдің ендігі көздегені - әлем сәнқойларын қазақша киіндіру. 

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу