Ұлылар туған мекенде туризмді дамыту керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлылар туған мекенде туризмді дамыту керек

02.10.2019

Абайдың туған жерінде туризмді дамыту керек. Себебі Жидебайға жарты жылдың өзінде 50 мыңнан астам адам келген. Бірақ өңірде туристерге лайықты жағдай жасалмаған. Абай-Шәкәрім кешеніне барғандар көлікке қонып жүр. Түнейтін орын болмағандықтан. Ал жазғы үлгіде салынған қонақүй мен асхана қыста жабық тұрады. Осыған дейін биік мінберден айтылған мәселелер сөз жүзінде ғана қалған. «Ұлы ақынның 175 жылдығы қарсаңында қонақтардың көбейетінін ескерсек, туризм саласындағы кемшіліктерді тез арада шешу керек»,- дейді мамандар.

Туристер ең көп келетін Жидебайдағы Абай Құнанбайұлының мұражай үй мен осы жерде орналасқан «Абай-Шәкәрім» кешені. Тарихи орынды биыл жарты жылдың ішінде 50 мыңнан астам адам келіп тамашалаған. «Асықпай жүріп, мұражайды көріп, қасиетті мекенге түнегісі келетіндер көп. Тек оларға лайықты жағдай қарастырылмаған»,- дейді көпшілік.

Жаңабай Мұхаметханов, Павлодар қаласының тұрғыны:

Мында сенбіде барғанда орын болмай қалады. Еріксіз машинада қонып жүреміз...

Нұрлан Аязбаев, Астана қаласының тұрғыны:

Жарнамада аз көрсетіледі осындай жерлер. Туристер де көп келер еді деп ойлаймын. Көп нәрсе салу керек. Көп нәрсе істеу керек бұл жерде. Мынау деген туристердің келетін жерлері ғой.

Жидебайда туристерге қызмет көрсету орталығы жоқ емес, бар. Жергілікті әкімшілік салған ғимарат 10 жылдай қаңырап бос тұрған. Оны кәсіпкер Құсман Берлешов іске қосып, соңғы үш жылдан бері пайдаланып, келушілерге шама-шарқынша қызмет көрсетіп жүр. «Туристердің алдына ас-суын тосып, жатын орнын дайындап береміз»,-дейді. Алайда жазғы үлгіде салынған қонақ үй мен асхана қыста жабық тұрады. Оның үстіне шағын орталық, көп адамды қамти алмайды.

Құсман Берлешов, кәсіпкер:

Омскіден, Томск, Тюмень дейді. Мына Барнауылдан. Сонан кейін мына жақта Самар. Германиядан келді. Амстердамнан келді. Венгриядан келді. Міне осындай қонақтар келіп қонды. Айналып келгенде 25 адамдай ғана жата алады төсекке. Енді матрасқа жатам дейтіндер болады енді жолаушы. Далаға жатқаннан гөрі, машинаның ішіне жатқаннан гөрі, аяғын созып жатқан жақсы ғой.

Алыстан ат арытып келетін туристерге көрсететін қызметіміздің сыйқы әзірге осындай. Өзгесін айтпағанда, Жидебайдағы мәдени орын, қарапайым сервистің өзінен де жұрдай.

«Сондықтан мұндай кемшіліктердің бәрін жергілікті билік жедел түрде қолға алған жөн»,- дейді ғалым, айбайтанушы Ғарифолла Есім. Ол келер жылдан бастап, Ұлылар мекеніндегі киелі орындарды түгелдей қамтитын арнайы туристік бағыт ашып, тарихқа бай өлкеге насихатты күшейтуге тікелей ат салыспақ.

 Ғарифолла Есім, ғалым, абайтанушы:

Абайдың туған жері Қасқабұлақты алса. Әйгеріммен кездескен жерді, Шіліктіні алса. Одан кйеін Құнанбай қорымын алса. Бәрі жатыр ғой сонда. Біз айтамыз ғой, «сервис» деген ұғым бар. Сол тұсы нашар болып жатыр.

 Өңірдегі туризмде толып жатқан кемшіліктер келер жылдан бастап түзеледі деп мамандар уәде беріп отыр. Өйткені облыстық әкімшілік Абайдың 175 жылдығы қарсаңында Жидебайға барар жолдағы, өзге де тарихи орындарды жөндеуді қолға алмақ. Сондай-ақ «Абай-Шәкәрім» кешені мен мұражайды қайта жаңғырту үшін де қыруар қаржы қарастырылған көрінеді.

Ержан ЖАҚЫП


Хабарламаларға жазылу