Атаулы әлеуметтік көмекті бөлудің жаңа жүйесі әзірленіп жатыр. Оны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолға алды. Осыдан тура бір ай бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында үкіметке осы мәселені тапсырған болатын. Жалпы Мемлекет басшысының алғашқы жолдауы көпшіліктің көкейіндегісін дөп басты. Себебі, Президенттің бастамалары мен ұсыныстары қоғамдық диалогқа негізделген.
Шағын кәсіп иесінен үш жылға дейін табыс салығы ұсталмайды. Қызылорда қаласының тұрғыны Сағатбек Сүюбаев үшін бұл ерекше жаңалық болды. Себебі ол осы уақытқа дейін маңызды болғанымен табысы аз жобасын жүзеге асыруға жүрексініп жүрген. Сағатбек Жолдаудан кейін бизнес жоспарын қайта қолға алды. Енді жас кәсіпкер «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған техникалық қызмет көрсету орталығын» ашады.
Сағатбек Сүюбаев, кәсіпкер:
Жыл көлемінде төленетін салықтан босатылған ақшаға өзгеге жұмыс ұсына алады. Және өзге де кәсібіне қажетті техника, шикізат ала алады. Біздің орталықтың да осы жақсы жаңалықты ести сала үлкен жігер алып, қадам басамыз деп ойлаймыз.
Жолдаудан қолдау тапқан тек Сағатбек емес. Халық қоғамдағы қордаланған көптеген мәселеге жауап алды. 1 айда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізі қаланды. Білім, денсаулық сақтау салаларында сең қозғалды. Әлеуметтік көмекті шын мұқтаж жандар алуы керек. Бірақ өкінішке қарай, жағдайы бар отбасылар да табысын жасырып, оңай ақша алуға тырысады. Соңғы 5 жылда Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 77 мыңнан 1,4 миллионнан астам адамға артқан. Сондықтан Президент Үкіметке жаңа жүйе дайындауды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
Бұл жүйе ашық әрі әділетті болып, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиіс. Көмек, негізінен, жұмыс істейтіндерге берілуі тиіс. Сонымен бірге, аз қамтылған отбасылардың балаларына қамқорлық көрсету керек. Олар үшін кепілдендірілген әлеуметтік көмекті енгізу қажет.
Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмекті бөлудің жаңа тәртібін дайындап жатыр. Соның негізінде шешімдер қабылданып, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап ол күшіне енеді. Сондай-ақ Президент Жолдауында зорлық-зомбылыққа, әсіресе, балаларға қарсы жасалған қылмыс жазасын қатаңдатуды тапсырды. Мәселе — өзекті. Шұғыл шаралар қолға алынды. Тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізу жөнінде нақты ұсыныстар берілді.
Нұржан Әлтаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Заң шығару бойынша ведомствоаралық комиссияның оң қортындысы шықты. Ғылыми экспертизаның оң қорытындысы шықты. Әсіресе балаларға қатысты зорлық-зомбылықты өмір бойы бас бостандығынан айыру бойынша және екіншіден, мерзімінен ерте босатуды алып тастап жатырмыз осы статьялар бойынша.
Жолдаудағы өзге де мәселелер, жер мен тіл мәселесі, мемлекеттік компаниялардың санын қысқарту, баға белгілеу, тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру көпшіліктің көңілінен шықты. Әсіресе жұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесі қоғамда ерекше резонанс тудырды. Жолдаудағы әрбір мәселе Президенттің өз бақылауында. Билік пен халықтың арасы жақындады. Ауыл шаруашылығы кешенін дамыту туралы жиын өтті. Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтуге орай арнайы комиссия құрылып, оның алғашқы отырысы өтті. Үкімет 5G, «Ақылды қалалар», «Үлкен деректер», цифрлық активтер, жаңа цифрлық қаржы құралдары сияқты тың технологиялық құбылыстарға бейімделу тұрғысындағы жұмыстарды бастап кетті. Мемлекет басшысы бірнеше елге барды, Қазақстан тауарын әлемдік нарыққа шығару үшін келісімдер жүргізді. Бұл бір ғана айда істелген шаруа. Ал Жолдаудағы ұзақ мерзімді тапсырмалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ