Қазақ ақын-жазушыларының үздік шығармаларын француздар енді еркін оқи алады. Парижде қазіргі француз тіліндегі қазақ әдебиеті антологиясының тұсаукесері өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аударылып, жарық көрген қазақ прозасы мен поэзиясын осы бағдарламаны жүзеге асыру бойынша ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева көпшілікке таныстырды.
Қазақтың 30 ақыны мен 30 жазушысының үздік туындысын француз тілінде 30 жылдық тарихы бар «Мишель де Моль» баспасы басып шығарды.
«Аудармада мін жоқ»,-дейді әдебиет сыншылары. Бұл - қос елдің шығармашылық топ өкілдері мен аудармашыларының ортақ жеңісі.
Рауан Кенжеханұлы, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры:
Аударма жасаған мамандар Қазақстанға келді. Елмен танысты. Тарихымызды, мәдениетімізді зерттеді. Авторлармен асықпай сұқбат жасады, аударманы талқылады. Одан кейін қайтадан келіп аудармаларын өңдеді. Осыдан кейін баспаға дайындалған шығармаларды сол елдердегі, сол тілдердегі ең беделді деген әдебиеттанушылар, ғалымдар, әдебиетшілер оқып, пікір айтты. Сондықтан, осылай бірнеше қайтара өңделіп, оқылғаннан кейін ең жоғарғы сапаға қол жеткізе алдық деп ойлаймын.
Ақберен Елгезек, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын:
Қазақтың сөзі, қазақтың әдебиеті мынадай көлемде аударма ақылы, шет елге насихатталып жүр. Сол себептен, біз бақыттымыз қазақ ақын-жазушылары.
Қос томдыққа Шерхан Мұртаза, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев сынды аға буын өкілдерінен бөлек жас ақын-жазушылардың да шығармалары енгізілген. «Кесек туындылардан қазақ елінің өткені мен бүгінін көріп, ұлттық рухты, төл әдебиеттің құдіретін сезінесің»,-дейді француздар.
Катрин Бремо, аудармашы:
Мен 60-қа жуық поэманы ерекше ықыласпен аудардым. Қазақ поэзиясындағы отбасылық құндылықтардың жоғары қойылуы, махаббатқа беріктік, туған жерге деген іңкәр сезім, ақындардың табиғатты суреттеуі қатты ұнады. Біраз өлең өзімнің балалық шағымды еске түсірді.
Филипп Риго, аудармашы:
Маған Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасы қатты әсер етті. Бұл - ядролық сынақтың құрбаны болған баланың тағдыры жайлы жазылған өте өткір, жүректі шымырлататын шығарма. Бұл - барлық әлем елдерінің оқырмандарына қатты әсер ететін туынды. Топтамадағы шығармалар күлдіреді де жылатады. Осынша қазақ авторының француз тіліне тәржімалануы - бағалы сыйлық дер едім.
Жүректен шыққан дүние жүрекке жетеді деген сенімде аудармашылар. Қазақ әдебиетінің інжу-маржандары француздан бөлек ағылшын, испан, орыс, араб, қытай тілдеріне де аударылды. Әрқайсысы 10 мың данамен шыққан антологиялар әлемнің 90-нан астам еліне таратылады. Осылайша жаһанның 2,5 млрд халқы қазақ әдебиетімен жақыннан танысып, терең зерттеуге мүмкіндік алмақ.
Нұрсұлу Қасым