Елордада салынып жатқан көпқабатты үйлердің көбінің сапасы сын көтермейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада салынып жатқан көпқабатты үйлердің көбінің сапасы сын көтермейді

01.10.2019

Нұр-Сұлтандағы үйлердің сапасы сын көтермейді. Елордада салынып жатқан көпқабатты үйлердің көбінің сапасы нашар. Бір жыл өтпей жатып сұрқы қашады. Сылағы түсіп, қабырғасы жарылған, шатырынан су ағып, тұрғындардың дегбірін алған жайттар өте көп. Биылдың өзінде «Nur Otan» партиясы мен қалалық әкімдікке тұрғындар тарапынан осыған мазмұндас 40 мыңнан астам шағым түскен. Ал пәтер иеленуші кооперативтердің қызметіне, тұрғындар мүлдем сенбейді. Бүгін қала басшысы Алтай Көлгінов осыған жауаптыларды «Nur Otan» партиясының филиалына жинап, жұмыстарын сынға алды. Ауласы абаттандырылмаған, тұрақтарды су басқан, қоқысы шашылған үйлердің суреттерін көрсетіп, қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды. Ал тапсырманы елемегендер айыппұл арқалайды, одан нәтиже шықпаса, лицензиясынан айырылады.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

Абаттандыру ережелерін сақтамаса штраф бар. Оны істемесе лицензиясын аламыз. Оған жеткізбеуге тиістіміз. Себебі кәсіпкерлер жауапкершілікті сезінуі керек. Сол үшін осылай кездесулерде айтып, түсіндіреміз.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу