Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур Премьер-Министрі Ли Сянь Лунмен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы екі елдің арасындағы қарым-қатынастың достық ниетке құралғанын атап өтті.
«Біз сіздің елді құрметтейміз. Бүгінгі Сингапурдың негізін қалаған сіздің әкеңіз Ли Куан Ю Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жақын достық қарым-қатынаста болғаны, оның 90-жылдардың басында Қазақстанға келгені есімізде. Екі ел арасындағы тығыз ынтымақтастыққа берік негіз бар деп ойлаймын»,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Сингапур Премьер-Министрі де екі ел арасындағы өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ниетті екенін айтты.
Тараптар екі жақты сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарды арттыруды, сондай-ақ, «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясында қалыптасып келе жатқан өзара қарым-қатынастың көкжиегін кеңейту жайын атап өтті.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур Премьер-Министрін елімізге арнайы сапармен келуге шақырды.