Бұқтырма су қоймасына кәріз суы құйылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бұқтырма су қоймасына кәріз суы құйылып жатыр

30.09.2019

Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасына кәріз суы құйылып жатыр. Бұл туралы жергілікті тұрғындар тәуелсіз зертхана сараптамасының қорытынсысына сүйеніп айтып отыр. Су қоймасынан алынған сынамада ішек таяқшалары қалыпты мөлшерден әлдеқайда көп екені анықталды. Сондай-ақ халық сүңгуір жалдап көл түбіндегі шұрық тесік құбырдан лас судың төгіліп жатқанын да дәлелдеген. Ал аймақтағы экологтар болса, су таза деп мәлімдеп отыр.

Бұл осы жазда түсірілген бейнекөрініс. Жағдай әлі өзгерген жоқ. Кәріз құбырыннан аққан лас су қоймасына құйылып жатыр. Тұрғындар бұғазды былғап жатқанын айтып, экологтарға дәлелдеп әлек. Тіпті, суға шомылған балалардың түрлі ауруға шалдыққанын айтады.

Николай Медведев, Жаңа Бұқтырма кентінің тұрғыны:

Дәл осы жерге шомылған балалардың көзі қызарып, денесі бөртіп кетті. Түберкулез таяқшасы да бар деп жатыр. Былтыр Ресейдің Калининград өңірінен туыстарым демалуға келген. Екі күн шомылған соң балаларының көзі іріңдеп кетті.

Тұрғындардан шағым түскен соң Облыстық экология департаменті кешенді тексеру жүргізді. Ал Алтай аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғаған. Дегенмен экологтар суды ластап отырған жеке немесе заңды тұлғаны таппаған. Осыдан соң қылмыстық іс те тоқтады.

Азамат Раисов, Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы:

Тергеп тексеру амалдары барысында судың ластануы шектеуден аспағаны анықталды. Осыған байланысты қазіргі уақытта бұл істе қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты қысқарту туралы процесуалдық шешім қабылданған.

Экологтардың қорытындысымен келіспеген тұрығындар тәуелсіз сараптамашы-эпидемиологтарды шақырыпты. Тіпті сүңгуірлерді жалдап су түбіне түсірген. Нәтижесінде, су астында ұзындығы 80 метр болатын құбырды тапқан. Ол құбырдан су қоймасына ағып жатқан батпаққа ұқсас лас затты тәуелсіз зертханада тексертіп, зиянды заттардың мөлшері шамадан тыс көбейгені дәлелденді.

Сергей Акентьев, Жаңа Бұқтырма кентінің тұрғыны:

Қалыпты мөлшер бойынша 5 мың бірлік бактерия болу керек. Ал ол жерде 70 мың бірлік. Яғни су астында көп мөлшерде жүздеген тонна зиянды заттар, бактериалар жатыр.

Қазір осы мәселе бойынша Облыстық прокуратура тексеру бастады. Су астындағы құбыр кімге тиесілі екені де нақты анықталады.

Дмитрий Кавригин, Облыстық экология департаментінің басшысы:

Біздің экология депратменті бірнеше рет сынамалар алды. Олардың барлығында судың таза екені анықталды. Қазір Бұқтырмадағы тазарту қондырғылары да тексеріліп жатыр. Ол нысанның техникалық жағдайы, кәріз суын залалсыздандыру үшін жұмсалған хлордың мөлшері тексеріледі.

«Тексеру барысында кәріз суын тазартатын нысанның жұмыс істемегені, экологияға зиян келгені дәлелденсе, оның иесі заң алдында жауапкершілікке тартылады», -дейді мамандар.

Берік КӨШЕРБАЙ


Хабарламаларға жазылу