Қарағандыда тұрғын үй құрылысы қарқынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда тұрғын үй құрылысы қарқынды

30.09.2019

Қарағанды облысы бойынша тұрғын үй салуға ең көп қаржы Жаңаарқа ауданына бөлінген. Биылдың өзінде мұнда көпқабатты 7 баспананың құрылысы басталды. Бірінші кезекте пәтер көпбалалы отбасыларға берілмек. Жыл соңына дейін қанша адам қоныс тойын тойлайтындығын әріптесім Руслан Нұрланұлы біліп қайтты. 

Анар Бозаева - он баланың анасы. Үй кезегін он жыл күткен. Жуырда ол жаңа пәтердің кілтін алған. Енді бірер күнде қоныс тойын тойламақ. 

Анар Бозаева, Жаңаарқа кентінің тұрғыны:

Он жыл очередте тұрдық. Аллаға шүкір, үйімізді алдық. Енді әлі кірген жоқпыз, ішіне жөндеу болып жатыр. Кішкене жөндеп, Алла қаласа кіреміз. Үш бөлмелі үй берді. 

Кент басында жыл соңына дейін көпбалалы 25 отбасы баспаналы болмақ. Қазір мұнда көпқабатты 7 үйдің құрылысы басталған. Ол үшін республикалық бюджеттен 700 миллион теңге қаржы бөлініпті. Биыл жаңа үйдің 2-уі тапсырылады. Ал жалпы кезекте 800 адам тұр. 

Бақытжан Мұқанов, Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары:

Үй кезегінде тұрған азаматтарды осы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй беріп қамтамасыз етеміз. Және де көпбалалы аналарға республикалық бюджеттен екінші кезектегі тұрғын үйлерді сатып алуға қаржы бөлінген болатын, содан біз 15 пәтер сатып алдық. Оны да жыл аяғына дейін көпбалалы аналарға табыстаймыз. Жалпы 800 адамды кезек-кезеңімен тұрғын үймен қамтамасыз етеміз.  

Үй кезегін азайту үшін тұрғындарға жер учаскесі де үлестіріліп жатыр. Тек биылдың өзінде инфрақұрылымы реттелген мына алаңда 100 үй салынбақ. Айта кету керек, «Бақытты отбасы» бағдарламасына да облыстағы аудандардан тек Жааңарқа іліккен. Қазір 19 адам өтініш берсе, 2 адам жеңілдетілген пайызбен баспанаға қол жеткізіпті.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу