К.Әзірбаевтың 135 жылдық меретойына арналған «Боздаланың бозторғайы» атты кеш өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

К.Әзірбаевтың 135 жылдық меретойына арналған «Боздаланың бозторғайы» атты кеш өтті

27.09.2019

Биыл халық ақыны, қазақтың әншілік-жыршылық өнерінің көрнекті өкілі, композитор Кенен Әзірбаевтың туғанына — 135 жыл. Осыған орай, елордада өнер қайраткеріне арналған кеш өтті. Ақынның шығармаларын өскелең ұрпаққа танытып, оның өнегелі өмірі мен ерен еңбегінен сыр шерткен шара туралы келесі материалда.

«Боздаланың бозторғайы» атты кеште Кенен Әзірбаевтың құлақ құрышын қандырар әндері, жыр-дастан, толғаулары насихатталды. Ақынның мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған шығармашылық шараға, негізінен, оқушы жастардың қатысуы бекер емес. Себебі бүгінгі ұрпақ осы арқылы танымал тұлғаның өмірі мен ерен еңбегін өнеге тұтуды үйренеді.

Майра Құрманбаева, «Астана Дарыны» дарындылықты қолдау және психологиялық сүйемелдеу орталығының директоры:

Бұл кештің өзге кештерден өзгешелігі – Кенен атаның бүкіл ұрпағы келіп жатыр. Баласы Бақытжан, екі қызы Төрткен, Ақбілек. Бір қызығы, осындай кештерге қатысқан оқушылардың көпшілігі журналистика саласына барады екен. Көпшілігі олардың өнер институтына түседі екен.

Бүгінде Кенен ақынның 100-ден астам әні, өлең-жырлары, дастандары ұлт қазынасына қосылды. Мәдени қоржынымызға мол мұра қалдырып кеткен өнер иесінің танымал туындысының бірі – «Көкшолақ» әні. Ол да бүгінгі кеште шырқалды.

Үкібай Нұрпейісов, Қалалық «Рухани Жаңғыру» жобалық кеңсесінің директоры:

Алдағы уақытта да Кенен атамыздың осындай мерейтойларын атап өте береміз. Өйткені ол кісінің 150-ге жуық әндері бар. Ол кісі Жамбыл өңірінде болғаннан кейін, Жамбыл Жабаевтың шәкірті болып өскен. Ол кісінің келер ұрпаққа деген өлеңдері мен жазған ақындық шеберлері келер ұрпаққа да көп пайдасын тигізеді деген ойдамыз.

Кенен Әзірбаевтың мерейтойын тойлау аясында ақынның шығармашылығын жан-жақты насихатталатыны сөзсіз. Осы мақсатта еліміздің 9 қаласында 13 іс-шара өткізілмек.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу