«Ауылдық елді мекендердің жас кәсіпкерлері» атты облыстық форум өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ауылдық елді мекендердің жас кәсіпкерлері» атты облыстық форум өтті

27.09.2019

Сыр өңірінде жас кәсіпкерлерді қолдау және мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру мақсатында «Ауылдық елді мекендердің жас кәсіпкерлері» атты облыстық форум өтті. Еркін форматтағы басқосуда шағын және орта бизнес өкілдері өзара тәжірибе алмасып, білгендерімен бөлісті.

Бүгінде Қызылорда облысында 51 500 кәсіпкер болса, оның 18 пайызын жастар құрайды. Яғни өңірде шағын және орта бизнеспен айналысатын белсенді топ өкілдерінің қатары артып келеді. Форум барысында арнайы көрме ұйымдастырылып, кәсіп иелері өздерінің өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.

Нұрқанат Тұрғанбек, жас кәсіпкер:

Мен Жаңақорған ауданында ат әбзелдерін тігу цехын аштым. Бұл кәсіппен 13 жасымнан бастап айналысамын. Облыста мен ғана жасаймын бұл бұйымдарды. Шәкірт тәрбиелеп, осы кәсіпті дамытуға бар күшімді салып жатырмын.

Нұрқанат былғарыдан ат әбзелдерін жасап, ұмыт болып бара жатқан кәсіп түрін жаңғыртса, Ердәулет Сәрсенбек автокөлікке қажетті «бампер» шығарумен айналысады. Жас кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама арқылы 1,5 миллион теңге қайтарымсыз грант жеңіп алыпты. Ердәулеттің қолынан шыққан автокөлік бөлшегіне бүгінде сұраныс жоғары. Елімізден бөлек, көршілес Қырғызстаннан да тапсырыс түседі екен.

Ердәулет Сәрсенбек, жас кәсіпкер:

Осы кезге дейін «Мерседес» пен «BMW» автокөлігіне шығардым. Алдағы уақытта көбейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашқым келеді. Жалпы, Қызылорда қаласында саланы дамытқым келеді.

Иә, ерінбей еңбек етем дегендерге мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндік мол. Жиында жас кәсіпкерлерге осы бағытта түсіндірме жұмыстары жүргізілді.  

Фердоуси Қожабергенов, Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы: 

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жастарға 500 мың теңге көлемінде шағын гранттар берілуде. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында инновациялық жобаларға 21 миллион ақша қаралып, оның 44 жас иемденді.

Форумда облыстың әр өңірінен келген кәсіп иелері өзара тәжірибе алмасып, бизнесті қалай бастау керек және оны дамытудың жолдары қандай деген саулдарға жауап іздеді. Шара соңында аймақтың кәсіпкерлік саласының дамуына үлес қосып жүрген жас кәсіпкерлер облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Әкімжан ЖОЛТАЕВ


Хабарламаларға жазылу