Ресей шекарашылары Солтүстік Кореяның 3 балық аулау кемесі мен 262 экипаж мүшесін тұтқындады. Оларға «браконьерлікпен айналысты» деген айып тағылып отыр.
Оқиға Жапон теңізінде болды. Кемелерден заңсыз ауланған 30 мың кальмар мен тыйым салынған құрал-саймандар тәркіленген. Тергеу үшін экипаж бен су көліктері Қиыр шығыстағы Находка портына жеткізілді.
Бұл – осы айдағы екінші оқиға. Айта кетсек, қыркүйектің 17-де Ресей солтүстіккореялық екі қайықты тұтқындаған еді. Операция барысында оның бірі қарсылық көрсетіп, шабуыл жасаған. Соның салдарынан 4 шекарашы жараланып, бір балықшы қаза тапты.
Сол оқиғадан бері Ресей Сыртқы істер министрлігі жағдай қайталанбауы үшін Пхеньяннан түбегейлі шара қолдануды талап етіп келеді.
Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ