Дін саласындағы әйелдер ұйымының жұмысын арттыру маңызды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дін саласындағы әйелдер ұйымының жұмысын арттыру маңызды

27.09.2019

Елімізде 5 мыңдай әйел діни көзқараста басын біріктіріп, қоғаммен байланыс орнатпай, жабық түрде жамағат болып араласады. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов айтты. Оның сөзінше, республика бойынша осындай мәселелермен айналысатын 77 үкіметтік емес ұйым бар. Бірақ олардың көзге түсерлік, нақты атқарып жатқан жұмысы жоқ. Соған қарамастан, дін саласындағы әйелдер мәселелері бойынша өңірлерде 235 миллион теңгеге 126 жоба жүзеге асырылып жатыр. 

Діни радикализмнің алдын алуға бағытталған жобалардың бірі – «Жусан» операциясына қатысты. Сириядан қайтқандардың арасында 156 әйел бар. Осы отандастарымызды оңалту жұмыстарына министрлік тарапынан 50 миллион теңге бөлінген, өңірлерге теологтар жіберілді. «Осы аталған фактілерді негізге ала отырып, жастар ортасында радикалдануға қатысты қоғам мен әйелдердің назарын аудару маңызды», - дейді вице-министр. 

Марат Әзілханов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:

Жат ағымдардың етегінде жүрген әйелдер бар, белгілі. Солармен де осы жоба аясында жұмыс ұйымдастырылған. Жалпылай, әр өңірде оңалту орталықтары бар. Сол жерде теолог мамандардың күшімен сондай әйелдермен жұмыс атқарылады.

Фариза Мұсақызы

Хабарламаларға жазылу