2014 жылы Қостанайда ашылған инсульт орталығы талай адамды ажалдан арашалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2014 жылы Қостанайда ашылған инсульт орталығы талай адамды ажалдан арашалады

26.09.2019

Әлеуметтік-медициналық сақтандыру – адам өмірін ұзартып, мүгедектікті азайтуға мүмкіндік береді. Қостанайдағы инсульт орталығы мамандарының пікірі осындай. 2014-ші жылы ашылған бұл орталық талай адамды ажалдан арашалап, олардың қатарға қайта қосылуына себепкер болған.

Орталық мамандарының арқасында қатерден аман қалғандардың бірі - Бектас Жаркин. Ол жүк көлігінің жүргізушісі. Осыдан бірнеше күн бұрын жол үстінде келе жатып, басы қатты ауырып ауруханаға жеткізілген.

Бектас Жаркин, науқас:

Бірінші күні айтқанымды ұмытып қала беретін едім. Қазір жақсымын. Денсаулығым алдына қарағанда жақсы.

Ал мынау – орталықтағы оңалту бөлмесі. Мұнда науқастарды қалыпты өмірге оралту немесе қазіргі жағдайына бейімдеу жұмыстары жүргізіледі. Яғни мұнда олар сөйлеуді, жүруді, ұстауды қайта үйренеді.

Сардор Артықбаев, дәрігер – невропатолог:

 Оңалту мерзімі бізде 14 күн. Бұл алғашқы оңалту кезеңі. Мұнда біз жатқан адамды алдымен отырғызамыз, сосын тұрғызамыз, жүргіземіз. Яғни науқас бізден өз аяғымен жүріп кететіндей жағдайға жеткізуге тырысамыз.

Орталықта 30 керуерттік орын бар. Мұндай жағдайда оның мүмкіндігі 250 мың тұрғыны бар аумақты қамтуға жетеді. Алайда қазір бұл орталыққа қарайтын аумақта 400 мың адам бар.

Юрий Моисеев, Облыстық аурухананың бас дәрігері:

Әлеуметтік медициналық сақтандыурды енгізу – медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруі тиіс. Себебі қаржыландыру көрсеткіші өседі. Ал бұл бізге жаңа құрылғылар алып, білікті мамандар тартып, науқастар жататын орын санын арттыруға жол ашады.

Оңалту орталығының жұмыс қарапайым азаматтардың өмірін сақтап қана қоймай, тұрмысына да оң ықпал етеді. Сапалы медициналық қызмет мүгедектікке ұшыраудан сақтап, науқастың қайта қатарға қосылып еңбек етуіне мүмкіндік береді.

Дәуренбек ӘБДІБЕК


Хабарламаларға жазылу