Атырау қаласының тұрғындары апатты үйлерде өмір сүруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау қаласының тұрғындары апатты үйлерде өмір сүруде

26.09.2019

Атыраудағы апатты үйлердің тұрғындары қауіп пен қатерде өмір сүруде. Өткен ғасырдың 50-60-шы жылы салынған пәтерлердің бүгінде әбден тозығы жеткен. Қабырғасы қақырап, төбесі құлап, іргесі сөгілген. Өкінішке орай, мұндай санаттағы үйлердің аймақта 80-нен астамы бар.

Сыртқы көрінісі алқам-салқам болған бұл үйлер 60 жыл бұрын салынған. Қазір мұнда 200-ге жуық адам тұрады. Осыдан бірер күн бұрын жұрт шырт ұйқыда жатқанда пәтерлердің бірінің төбесі опырылып түскен.

Қымбат Молдағалиева, тұрғын:

Бізге әкімдер келіп уәде беріп кетті. Береке мөлтек ауданынан үй береміз деп. Содан кейін жоқ болып кетті. Көшіріңіздер, бізге үй керек болды. 21 ғасырда өмір сүріп жатырмыз ғой. Келіп әкім өзі бір ай тұрып қарасыншы осы үйде. Тұра алар ма екен? Көрейік сосын олардың қалай тұратынын.

Мұндағы электр жарығы да әлсіз, бірде бар, бірде жоқ. Үйдің ауласы да оңып тұрғаны шамалы.

Жандос Темірғали, тілші:

Бұл жергілікті әкімдіктің балаларға салып берген ойын алаңы. Бір сорақылықты көріңіз. Балалардың ойын алаңы, дәл әжетхананың түбінде орналасқан. Тұрғындардың өйтпеске амалы жоқ. Өйткені олардың үйінде су, не кәріз жүйесі жоқ.

Татьяна Костяникова, тұрғын:

Біз өмір бойы осы құдықтан су алып келдік. Екі жыл бұрын «Су арнасы» келіп, бұл құдықты жауып тастады. Сосын су құбырын өз ақшамызға жүргіздік. Қазір бізде су тоқтап тұр. Мына адамдар енді не істейді?! Әкімдік пен жауапты мекеме бізге қарамайсыздар деп отыр.

Тұрғындардың шағымы бойынша жауапты мекемеге бардық. Олардың жауабы, әркім өз күнін өзі көруі керек дегенге саяды.

 Рафхат Жолдиев, Атырау қалалық түкш бөлімі тұрғын үй секторының меңгерушісі:

Су туралы айтсақ, тұрғындардың өздерінің жекеменшігі. Олар өздері қарау керек. Ол үшін пик болу керек. Пик болмаған жағдайда, өздері бірлесіп, құбырларын жөндеу жұмыстарын өздері жүргізу керек.

Бүгінде аймақтағы апатты пәтерлердің саны 2 мыңнан асып жығылады. Жергілікті билік жыл соңына дейін, 12 жатақхананың тұрғындарын жаңа баспанаға көшіруді көздеп отыр. Ал қалған жұрттың қашан жаңа қонысқа көшері белгісіз. Оны арнайы комиссия шешпек.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ


Хабарламаларға жазылу