Масылдықтан арылу туралы қоғам қайраткерлері мен психологтардың пікірлері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Масылдықтан арылу туралы қоғам қайраткерлері мен психологтардың пікірлері

26.09.2019

Масыл деп шын мұқтажды айта алмаймыз. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы «Масылдық пен мұқтаждықтың аражігін ажырата білуіміз қажет» деген еді. Қазір Үкімет көмекке зәру, жағдайы нашар жандарға қол ұшын беріп жатыр. Тек саналы түрде табысын жасырып, жалған құжат жасап, атаулы әлеуметтік көмектен үлесімді алсам дейтін әккілердің көбейгені көңілді қынжылтады. Елге белгілі қоғам қайраткерлері осыны айтты. Солармен тілдескен тілшінің материалы.

Өскенбай Құлатайұлы — Кеңес заманының қиын-қыстау кезінде тынбай еңбек етіп, 5 баланы ешкімнен кем қылмай өсірген. Бүгінде солардан 16 немере, 9 шөбере сүйіп отыр. Қазыналы қария 30 жыл шахтада қызмет етіп, қарапайым жұмысшыдан басшылық қызметтерге дейін көтерілген. Ұзтаз да болған. Бірнеше кітабы да жарық көрген. Көпті көрген қаламгердің ұстанымы - еңбек етсең, емерсің!

Өскенбай Құлатаев, жазушы:

Еңбек етуге талпынса, барлық жағдай жасалып жатыр қазір. Пәтер туралы, еңбек, жұмыс орны туралы, барлық жағдай жасалған. Кәсіп жасауға жағдай беріп жатыр. Қанша мүмкіншіліктер беріп жатыр. Енді осының бәрін қазіргі жастар пайдалану керек. «Еңбек, еңбектің түбі зейнет» деген. Кім еңбек етсе, кім адал еңбек етсе, сол жақсы өмір сүреді.

Ал ұзақ жылдар бойы білім саласында аянбай қызмет етіп, ұлағатты ұстаз атанған Аягүл Төреқызы көпбалалы отбасынан шыққан. Жоқшылықты да көріп өскен. Десек те «Қиын шақта ата-анамыз бар жұмысты істеп, 7 баланы ешкімнен кем қылмай өсірді. Ал қазір бәрі бар. Сондықтан аш қалудың ешқандай себебі жоқ», - дейді Еңбек ері.

Аягүл Миразова, Қазақстанның еңбек ері: 

Өз нәсібіңді молайтуға бар күш-жігеріңді салу керек. Жұмыссыздық деген болмау керек. Үлкен бе жұмыс, кіші ме? Өзіңнің қабілетіңе қарай. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» дейді ғой. Сол бекер айтылмаған. Біздің қазақ дана ғой. Дәл қазіргі заманда аштан өліп қалудың ешқандай себебі жоқ.

Психологтардың сөзіне сүйенсек, біреуге масыл болу —исанаға үлкен кесірін тигізеді. Себебі біреудің көмегіне жүгіне бергеннен, адам соған бейімделіп, өз бетімен пайда табудан қалады.

Күлмәш Ғалымжанқызы, психолог:

Масылдыққа үйреніп кеткеннен кейін адамның психикасы да, психологиясы да өзгереді. Мынау деген бір жақсы нәрсе екен. Балаларыма беріп жатыр. Бәлембай мың ақша менде бар. Қайтем мен жұмыс жасап деген психология қалыптасады адамдарда.

Әлеуметтанушылардың пікірінше, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзімсіздік таныту қай кезеңде де болмасын, кездескен. Жасыратын түгі жоқ. Бірақ, бұл қазақ қоғамында масылдар көп дегенді білдірмейді. Шын мұқтажға Үкіиет әркезде көмек береді. «Себебі мемлекеттің байлығы – халық» - дейді зиялы қауым.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу