Қарағанды облысындағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің пилоттық жобасына жергілікті тұрғындардың 98 пайызы қатысуда. Жаңа жүйе өңірде қыркүйектің 1-нен бастап сынақтан өтіп жатыр. Ал 2020 жылдың қаңтар айында МӘМС еліміздің денсаулық сақтау саласына жаппай енгізіледі.
Енді тұрғындарға құжат тасып жүрудің қажеті жоқ. Науқаста медициналық сақтандырудың бар-жоғын дәрігерлер электронды жүйе арқылы біліп отырады. Бұл дәрігерлерді қағазбастылықтан құтқарады әрі жұмыстың сапасы артады. Жаңа жүйенің халыққа берер мүмкіндігі көп.
Гүлнар Мұштарбекова, отбасылық дәрігер:
Үкімет белгілеген тегін көптеген қызметтер болды, соның үстінен тағы қосылады. Мысалы, көптеген тексеру-зерттеулер. Ол амбулаторлық, стационарлық, тағы да өте қымбат тұратын қызметтер. МРТ, компьютерлік томография, зертханалық қызметтер.
Қазір облыстағы емдеу мекемелері жаппай сандық жүйеге көшкен. Осыны ескере отырып, пилоттық жобаны жүзеге асыруға Қарағанды өңірі таңдап алынды. Ол үшін қазынадан 2.3 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаражат медициналық оңалту, тұрғындарды профилактикалық тексеруден өткізуге бөлінді.
Қалдыбек Ысмайылов, Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәмс жүйесінің сарапшысы:
Халық арасында біз насихаттау жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бірінші пакет, мемлекет тарапынан қандай көмектер көрсетіледі, егер сіз сақтандырылсаңыз, қосымша қандай көмек аласыз, осының барлығын халыққа түсіндіріп жатырмыз.
Жаңа жүйенің артықшылығы — азаматтар өзі таңдаған емхана мен дәрігеріне бара алады. Демек емдеу мекемелері науқастардың сеніміне кіру үшін барын салады, яғни бәсекелестік артады. Сақтандыру ережесінде мүгедек, зейнеткер, көпбалалы отбасы секілді 15 санатқа жататын азаматтар жарна төлеуден босатылған. Бұл шамамен 11 миллион адам, олар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Қалған азаматтар медициналық сақтандыру жүйесіне қатысулары тиіс. Жаңа жүйе келесі жылы 1 қаңтардан басталады.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ