Шығыс Қазақстан облысында көпір құрылысы 5 жылдан бері бітпей жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысында көпір құрылысы 5 жылдан бері бітпей жатыр

25.09.2019

Өскеменде Ертіс арқылы салынған көпірді кеңейту жұмыстары 5 жылдан бері бітер емес. Қаланың екі бөлігін жалғайтын өткелді әуел баста 2-3 жылдың ішінде аяқтау көзделген. Бұл үшін 2,5 миллиард теңге бөлінген болатын. Кейін жобаға түзетулер енгізіліп, құрылысқа қажетті ақша көлемі еселеп көбейді. Бірақ жөнделіп біткен көпір жоқ. Ол аз дегендей, құрылысшылар 6 айдан бері жалақы алмаған.

Берік Көшербай, тілші:

Өскемендегі Ертіс көпірі әлемге 2016 жылдан бері әйгілі. Қараша айында ескі көпірдің бір бөлігі екіге бөлініп, бір жағы көкке көтеріліп қалған. Сонда осы көріністерді дүниежүзіндегі көптеген бұқаралық ақпарат құралдары көрсеткен. Ең қызығы, сол кезде мұнда жүріп жатқан құрылыс жұмыстары әлі күңге дейін біткен жоқ.

Бұл көпір 1970 жылы салынған. Елу жылда ел жаңа деп, осыдан 5-6 жыл бұрын оны кеңейту туралы шешім қабылданды. Бастапқы жоба бойынша 6 жолақ болуы тиіс еді. Кейін жолақ саны 8-ге дейін көбейді. Бірақ, құрылыс жұмыстары осынша ұзаққа созылады деп ешкім ойлаған жоқ.

Қайрат Сабырбаев, қала тұрғыны:

1-2 адам жүреді астында, кей күндері мүлде жоқ. Тоқтап тұрғанына талай уақыт болды. Әсіресе тәңертең және кешке көлік кептелісінің көкесі болады. Негізгі жұмыстар істеліп тұр. Ақшаны алып, созып отыр ма? Мүмкін ақшасын біреулер жеп қойды ма? Оны бір Құдай біледі...

Бақытжан Уәлиев, қала тұрғыны:

Құрылысшылар қайда, бастықтар қайда? Әкімдік қайда қарап отыр? Көлік жүргізушілері қиналып бітті.

Соңғы мәлімет бойынша, осы көпірді қайта жөндеу үшін бюджеттен барлығы 10 миллиард 300 миллион теңге бөлінген. Бірақ бүгінде көпір үстінде әр жерден бір қалқиып, 7 адам ғана жұмыс істеп жүр. Олардың өзі соңғы алты айдан бері жалақыларын алмаған.

Темірхан Ченикаев, жұмысшы:

Ақша берсе, бітіреміз. Ақша бермесе, қалай бітіреміз? 7 адам ғана жүрміз. Жарты жыл болды ғой, бермей жатыр.

Ертіс көпірінің жалпы ұзындығы 320 метр. Бұдан бірнеше есе үлкен көпірлердің құрылысы әлдеқайда жылдам біткен кездері де болған. Бірақ билік өкілдері дәл осы Өскемендегі нысанның жоспарға сай жөнделіп жатқанын айтады.

Владимир Землянский, Қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары, ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

Қазіргі стандарттарға сәйкес, мұндай жобалардағы жұмыс уақыты 40 айға тең. Бұған қыс айлары кірмейді, себебі ол кезде жұмыстар, ауа райына байланысты атқарылмайды. Бүгінгі таңда уақыттан асқан жоқпыз және осы жылдың соңына дейін бұл жоба бойынша барлық жұмыстарды аяқтау көзделіп отыр.

Ертіс көпірі қайта жөнделеді дегенде жұрт қатты қуанған. Алайда көктемде қарқын алып, күзге салым саябырсып қалатын құрылыстың дәл биыл бітеріне жұрт күмәнмен қарайды.

Берік КӨШЕРБАЙ


Хабарламаларға жазылу