Алматыдағы 4-ші аурухананың бас дәрігері қолхатпен бостандыққа шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы 4-ші аурухананың бас дәрігері қолхатпен бостандыққа шықты

25.09.2019

Алматыдағы номері 4-ші клиникалық аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандыққа шықты. Бұған дейін ол, міндеттерін дұрыс орындамады деген айыппен қамауға алынған еді.

Осы іске қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter желісіндегі парақшасында бұл істі заңға сәйкес тексеруді тапсырғанын жазған еді. Ал бас дәрігер қалалық полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаевтың ұлы қайтыс болған соң тергеуге алынған. Сонымен қатар бұл іске қатысты аурухана анестезиологы Асқар Тұңғышбаев та қамауға алынды. Дәрігердің жарының сөзінше, осы жылдың шілде айында Нұрсұлтан Күдебаев квадроциклмен жол апатына түсіп, 7-ші ауруханаға жеткізілген. Содан соң 4-ші ауруханаға ауыстырылып, операция жасалған. Кейін ол Германиядағы ауруханаға жеткізіліп, сол жақта көз жұмды. 25 қыркүйекте айыпталушының адвокаты сот шешіміне шағымданып, қамауға алу туралы қаулы күшін жойған. «Дегенмен Қанат Тезекбаев аппеляцияны қарауға қатысқан жоқ. Оны тергеу изоляторынан босатады», - дейді бас дәрігердің адвокаты.

Әсел Бейсембаева, Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қазір тергеу жүріп жатқандықтан, оны жұмысынан босатты. Дегенмен Қанат Мәрденұлы осы уақытқа дейін ешқандай заң бұзбаған. Қызметін үлкен жауапкершілікпен атқарып келді. 4-ші клиникалық ауруханаға 1 жарым жыл бұрын бас дәрігер болып тағайындалған. Сонымен қатар анестезиолог Асқар Тұңғышбаев та тәжірибелі маман. Сондықтан әділ шешім шығарылады деген ойдамыз.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу