Елбасының қатысуымен «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» атты Еуразия парламенттері спикерлерінің 4-отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасының қатысуымен «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» атты Еуразия парламенттері спикерлерінің 4-отырысы өтті

24.09.2019

Парламентарийлер дауысы континентте айқын әрі қаттырақ шығуы керек. Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия елдері Парламенттері спикерлерінің төртінші кеңесінде осылай деді. Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейін парламент өкілдерінің басын қосқан жиында заңнамалық жұмысты жетілдіру қажеттігі айтылды. Сондай-ақ имани иммунитетін жоғалтқан экстремистік топтардың бірыңғай тізімін жасау ұсынылды. Құқықтық актілерді үйлестіру жағы да ақсап тұр. Биылғы жиындағы қамтылған мәселелер қандай?

1994 жыл. М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті. Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық интеграция идеясын жария етті. Бұл бастаманың маңыздылығын уақыт дәлелдеді. Бүгін жарты әлемнің парламентарийлері Нұрсұлтан Назарбаевқа қарым-қатынасты жаңа сапалық деңгейге шығарғаны үшін алғыс білдірді.

Вячеслав Володин, Ресей мемлекеттік думасының спикері:

Иә, Елбасы бастамасы өміршеңдігін көрсетті, алғашында үміттен күдік басым болғанымен, Еуразиялық экономикалық одақ толыққанды жүйе болып қалыптасты. Одақ бүгінде мұнай өнідірісі бойынша әлемде бірінші орын, газ өндірісінен екінші, электр энергиясын шығарудан төртінші орынды иеленеді. Мұның бәрі идеядан туған ұйымның қуатын көрсетеді. Еуразия елдері парламенттері төрағаларының төртінші кеңесі де Елбасы идеясының 25 жылдығына арналды. «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» деп аталады. Қазақстанды әлем жұрты мойындап отыр, өйткені біздің ел – алысты алаламайды, жақынын жараламайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы:

Бізде әлемнің ешқандай мемлекетпен текетірес жоқ. Тек әріптестік, қол ұшын созу, көмектесу және достық. Біз әлемдегі қуаттылығы жағынан төртінші орын алатын ядролық қарудан бас тарттық. Семей ядролық полигонын жаптық. Радиациядан жарты миллионға жуық адам жапа шекті. Біз БҰҰ шеңберінде қабылданған ядролық қарусыз әлем декларациясының бастамашысымыз.

Осы жағдайларда барлық адамдар ядролық қарусыздану бойынша жаһандық күреске белсенді түрде қосылып, ғаламшардағы тіршілікті қорғауы тиіс. Бұл тақырып Қазақстанның халықаралық аренада жүзеге асырып жүрген саясаттың негізгі ұстанымдарымен үндес. «Осыған байланысты сенім мен серіктестік диалогы Үлкен Еуразияның ажырамас бөлігі болуы үшін парламентарийлер дауысы континентте айқын әрі қаттырақ шығуын қолдаймын», - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы:

Әлемнің алдыңғы қатарлы державалар арасындағы сенімге қатысты қазіргі заманғы жаһандық дағдарыстың тереңдігі мен өткірлігін түсіне отырып, аталған шиеленістерді еңсеруде халық қалаулылары өздерінің үлесін қосуы қажет. 2018 жылдағы «АСЕМ» форумында және биыл өткен Бейжіңдегі «Бір белдеу-бір жол» екінші форумында Ресей, Қытай, АҚШ және Еуропалық одақ арасында диалогты бастау туралы ұсындым. Жердегі бейбітшіліктің сақталуы осы негізгі державаларға байланысты. Үлкен дүниежүзілік соғыстардың өзі келіссөзбен аяқталған. Қазіргі кезде осы елдер арасындағы текетірес пен сенімсіздік барша әлемді алаңдатып отыр.

Қазіргі таңда келіссөздер жүргізудің қажеттігі туындап отырғаны да жасырын емес. Төрттіктің саяси көшбасшылары ерік-жігер танытып, ғаламшардағы шиеленісті бәсеңдету үшін қажетті жолдарды іздеуі керек. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев диалогты ілгерілетуде маңызды қадам ретінде келесі жылы Қазақстан елордасында аталған төрттіктің парламентарийлерінің бейресми кездесуін өткізуді ұсынды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы:

Халықаралық қоғамдастық үшін зор мәні бар халықаралық құжаттарды ратификациялау ісіне белсенді түрде араласу қажет. Мәселен, 192 мемлекет қол қойған Климат жөніндегі Париж келісімін әлі де көптеген тараптар ратификациялаған жоқ. Біз ғаламшардың жылынып, үлкен апаттың жақындап келе жатқаны жайында күнде естиміз. Бірақ оның алдын алу үшін ештеңе де жасап отырғанымыз жоқ.

Парламентаралық қоғамдастық ішіндегі қатарды жұмылдыру және заңнамалық трендтердегі бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыру өзекті. Құқықтық актілерді ізгілендіру бөлігінде біраз шаруа жатыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы:

Өйткені, терроризмнің жалпы анықтамасын әзірлеу, террористік, экстремистік ұйымдардың, халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтардың бірыңғай тізімін жасау маңызды. Сондай-ақ әлемдік экономиканы жаңа цифрлық дәуірге, жасанды интеллект дәуіріне көшіру барысындағы құқықтық базаны әзірлеу жұмыстары да өзекті.

Еуразия құрлығы әрдайым әлемдік дамудың алдыңғы сапында болады, әрине. Ал Қазақстан үлкен Еуразияның болашағын өзгелермен бірлесе айқындамақ.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жариялаған Еуразия идеясы көптеген жобаларда өз жалғасын тапты. Бүгінгі форумға келетін болсақ, бүкіл Еуропа мен Азия елдері Парламенттерінің спикерлері бірлескен мәлімдеме қабылдап, осы құжатта Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық идеяның авторы және бастамашысы ретінде тарихи рөлін бекітті. Бұл шын мәнінде, Елбасымыздың, бүкіл Қазақстанымыздың жоғары халықаралық абырой-беделінің көрсеткіші.

Саяси салмағы басым кеңесте осындай келелі мәселелер көтерілді, қабылданған бірлескен мәлімдеменің де берері мол. Кеңес өзара сенімді нығайтуға, парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі күшейтуге кең жол ашпақ.

Индира БЕГАЙДАР


Хабарламаларға жазылу