Алматы облысының мемелкеттік қызметкерлері демалыс күндерін тиімді пайдаланып Үлкен Алматы шыңына көтеріліп қайтты. Теңіз деңгейінен 3680 метр биіктікті бағындыруға өңірде басталған «Пара алма, шыңды ал»! челенджі себеп болды. Жаңа бастама «Жетісу адалдық алаңы» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Басты мақсат мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділігін қалыптастыру. Бұлтпен таласқан биіктікке тілшіміз Қуаныш Қанатұлы да көтеріліп қайтты.
Үлкен Алматы шыңын бағындыруға Талдықорғаннан 50-ге жуық адам аттанды. Басым бөлігі мемлекеттік қызметкерлер. Жолсеріктер алдымен шыңға шығу тәртібі мен ережесін түсіндірді. Қолдарына скандинав таяқшасын ұстаған бәрі әуел баста сенімді қозғалды. Бірақ биік шыңға жігері мықты жандар бірінші жетті. Олардың қатарында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаментінің басшысы да бар.
Данияр Тұрғанбаев, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаментінің басшысы:
Мемлекет басшысы бүгінде қайта-қайта айтып жатырн. Таза болыңдар. Таза болсаңдар биікке жетесіңдер. Сондай сияқты өзіміз бүгін шығып 50 адам, инициативный жігіттер, қыздар, жас балалармен қандай мына тамашаны көріп жатырмыз.
Басшының биікке шыққаны жас қызметкерлерге де жігер бергендей болды. Басым бөлігі тыныға отырып тауға көтерілді. Апта бойы жұмыс орнында кеңседен шықпайтын мамандар үшін бұл бір үлкен сынақ десе болады. Себебі 50 адамның бәрі де бірден мұндай биіктікке алғаш көтеріліп отыр.
Бауыржан Сейітов, жас маман:
Биік шыңдарды, қандай қиындықтар туындаса да адал, өз еңбегіңмен бүгінгі осындай биік шыңға көтерілгендей солай талпынам деп есептеймін. Жақсы. Керемет. Бұны тек қана облысымызда емес, бүкіл республикаға жариялау қажет деп есептеймін.
Демалыс күні тауға шығып, таза ауамен демалып, Жетісудың әсем табиғатына тамсанған Алматы облысының мемлекеттік қызметшілері үлкен Алматы шыңында «пара алып күйік болғанша, шыңға шығып биік бол» деген ұран тастады.
Бұл челлендж Алматы облысының 7 мыңнан астам мемлекеттік қызметкеріне жолданды. Жетісу адалдық алаңы жобасы аясында мұндай мағыналы серуендер алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ