Павлодар облысындағы Баянауыл ұлттық табиғи паркінде өрт шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысындағы Баянауыл ұлттық табиғи паркінде өрт шықты

23.09.2019

Павлодар облысындағы Баянауыл ұлттық табиғи паркінде өрт шықты. Жергілікті әкімдіктің баспасөз қызметі қызыл жалын кеше түсте тұтанғанын айтады. Өрт 93 гектар жерді жайпап үлгерген. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт ауыздықталып, қазір сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы қызыл жалынмен күреске 500-ден астам адам және 11 арнайы техника тартылған. Сондай-ақ сөндіру жұмысына бірнеше тікұшақ жұмылдырылды. Әзірге қаза болғандар мен зардап шеккендер туралы ешқандай мәлімет жоқ. Сондай-ақ өрттің шығу себебі де әзірге белгісіз. Ұлттық парктің қызметкерлері: «Бұған бір апта бойы күн райының ыстық болуы әсер етуі мүмкін»,- дейді.

Ернұр Өтегенов, Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы: 

Төтенше жағдайлар комитеті қызыл жалынның таралу қаупі жоқ екендігін айтады. Қазіргі таңда сол өртенген аумақтың ішінде ұсақ өрт ошақтары бар. Ол жерге техника жете алмаған соң өрт сөндірушілер жаяу тілсіз жаумен күресіп жатыр. Сондай-ақ қажеттілігі болмаған соң, төтеншеліктердің жартысын қайтарып жіберген. Мамандар бірнеше күннің ішінде табиғи парк аумағындағы өрт ошағы толықтай сөндіріледі деп отыр.  

Владимир Беккер, ҚР Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы: 

Кеше Баянауыл ауданында табиғи өрттің бес ошағы сөнбей жатқан еді. Ең ірісі – Баянауыл ұлттық табиғи паркінде болды. Бүгін таңертең сағат сегізде маған өрт ошағының тек екеуі қалғанын баяндады. Бүгін тікұшақпен әуеден қарағаннан кейін 93 га аумақтың өртеніп жатқаны расталды. Арнайы комиссия өрт аумағынының нақты қаншалықты екенін алдағы уақытта анықтайды.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ 


Хабарламаларға жазылу