Президент Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамлеясының сессиясына қатысады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамлеясының сессиясына қатысады

23.09.2019

Бүгін әлем назары Америкаға ауып тұр. Саяси сарапшылар «Жаһандық үкімет» деп ат қойған Біріккен Ұлттар Ұйымының 74 сессиясы өз жұмысын бастамақ. Ұйымның бас мінбері орналасқан Нью-Йоркке 100-ге жуық мемлекет басшысы, 80-нен астам саясат серкесі келіп үлгерді. Кіл мықтылар бас қосатын жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысып, баяндама жасамақшы. Оның тақырыбы қандай болуы мүмкін? Президент тағы қандай маңызды кездесулерді жоспарлап отыр? Нью-Йорктен тілшіміз Шынар Асанқызы байланысқа шығып баяндап берсін. Шынар, кеш жарық, біз сізді тыңдап отырмыз.

Кеш жарық, бірақ Нью-Йоркте таң енді ғана атты, яғни жаңа күн енді басталды. Бұл күн жалпы жаһан үшін өте бір саяси маңызға ие болғалы тұр. Өйткені бүгін 193 мемлекеттің басын біріктірген БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясы ашылмақ. Қазақстандық делегацияны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастап келді. Жиын аясында 600-ден астам түрлі деңгейдегі кездесулер жоспарланған. Солардың алғашқысы бірер сағаттан кейін басталмақшы. Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің саяси әріптестерімен, БҰҰ Бас Ассамблеясының өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізетін болады. Ұйымға 193 мемлекет мүше екенін айтық. Жыл сайын өтетін сессияға осы мүше мемлекеттерден міндетті түрде өкілі қатысуы керек. Ол Президент болуы мүмкін немесе Үкімет басшысы, сондай-ақ, сыртқы саясат ведомстволарының жетекшілері де болуы мүмкін. Ал Қазақстан тарапынан Мемлекет басшысы соңғы рет 2015 жылғы 70-сессияға қатысқан болатын. Естеріңізде болса, сол жолы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ мінберінен алғаш рет қазақ тілінде баяндама жасап, тіл мәртебесін бір көтеріп тастаған болатын.  

Ал одан кейінгі жиындарға еліміздің сыртқы істер министрлері қатысып келді. Ал биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 100-ден астам президент қатысатын жалпы пікірсайыста баяндама жасайтын болады. Биылғы пікірсайыстың тақырыбы кедейшілікпен күрес, білім сапасын жақсарту климатты, қоршаған ортаны сақтауға байланысты болмақ. «Мемлекет басшысының БҰҰ Бас ассамблеясының пікірсайыстарына қатысуы біздің елімізге не береді?» деген сауал туындауы мүмкін. Бұл ең алдымен, Қазақстанның әлемдік және аймақтық мәселелерге деген көзқарасын білдіруіне мүмкіндік туғызады. Яғни әлем бізбен де санасады деген сөз. Екіншіден, бір үстел басына жиналған алпауыттардың ішкі және сыртқы саясаттағы жетістіктерімен тәжірибе бөлісуге мүмкіндік туады. Ал жиында Қазақстан қандай ұсыныс айтады, қандай мәселені көтереді ол жайында біз алдағы жаңалықтарымызда хабардар ететін боламыз. Әзірге бар ақпарат осы.


Хабарламаларға жазылу