Автокөліксіз бір күн - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Автокөліксіз бір күн

23.09.2019

«Автокөліксіз бір күн». Бельгиялықтар жылдағы дәстүр бойынша темір тұлпарларын, велосипедке ауыстырып, осы ерекше мерекені атап өтті. 1998 жылы Франциядан бастау алған шара Бельгияда осымен 19-жыл бар сән-салтанатымен тойланды. Елдің патшасы Филипп те көшеде шайтанарбамен серуендеп, көпке үлгі көрсетті.  

Брюссель - көлік тығынының көптігі жағынан Еуропада көш бастап тұрған қала. Соңғы мәліметке сүйенсек мегаполис халқы жылына 83 сағатын кептелісте тұрумен өткізеді екен. Зая кеткен алтын уақыттың ақысын алу үшін көпшілік осы күнді асыға күтеді. Себебі, таң атқаннан кеш батқанға дейін тұрғындар қалада қалай жүрем десе ерік өздерінде. Автобус, трамвай мен санаулы таксиден өзге көлікке көшеде жүруге рұқсат жоқ. Жүре қалса, көлік иесіне қомақты айыппұл салынады. Шараның мақсаты-халықтың қалтасын қағу емес, оларды экологиялық таза көліктерге көшуге үндеу. 

Катие Уажонт, Брюссель қаласының тұрғыны:

Біз бүгін бәріміз қоршағаны ортаны ластауға қарсымыз. Өйткені Брюссельде көлік көп. Мұндай күннің жылына бір рет емес, бірнеше рет болғаны дұрыс. Ауа тазарады, әрі спортпен шұғылданамыз. 

Доңғалақша киіп, скейтборд тепкендер мен велосипед мінгендердің қатарына бұл жолы салт аттылар да қосылды. Құдды Орта ғасырдағыдай олар да көшеде сәйгүлікпен серуен құрды. Осылайша, жасы да жасамысы да «автокөліксіз» бір күннің игілігін көрді.    

Джонна Жреди, Брюссель қаласының тұрғыны:

Біздің жас кезімізде көшеде көлік аз, қаланың ауасы таза болатын. Ал, қазір тынысың тарылады. Бірақ, осы күнді пайдаланып, жолдасым екеуміз біраз қыдырамыз. Велосипед тепкен денсаулыққа пайдалы ғой. Әлі қартайғымыз келмейді. 

Қартайғысы келмейтін тағы бір қариялар қыркүйектің ызғарына қарамастан жалаң аяқ жүгіріп, автобуспен жарысты. Шаршағандары серуенін әрі қарай қоғамдық көлікпен жалғастырды. Бұл күні жол жүру бәріне тегін. Гринпис мамандары, автокөліксіз бір күнде қаладағы шуыл 6-8 есе, ал ауаға тарайтын қауіпті микробөлшектер 80 пайызға азайғанын айтады. Дегенмен, Брюссельдің ауасын тазарту үшін 2030-жылға дейін велосипедпен жүретін халықтың санын 20 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Әзірге, бұл көрсеткіш 8 пайызды ғана құрайды. 

Нұрсұлу ҚАСЫМ


Хабарламаларға жазылу